Қазақстанның жоғары оқу орындарының ең үздік 1000 студенті Универсиаданың алау ұстаушылары атанады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ертең - 1 қыркүйектен бастап, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алауын ұстаушыларды іріктеу басталады.

Бұл туралы бүгін Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша Дирекциядағы баспасөз мәслихаты барысында жария етілді. Іс-шараға суға жүзуден Рио Олимпидасының чемпионы Дмитрий Баландин қатысты.

Оған Дирекция жетекшісі Наиль Нұров 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың елшісі екенін растайтын сертификат пен алау ұстаушы формасын салтанатты жағдайда табыс етті. 

«Алауды алып жүретіндер тек олимпиадашылар ғана емес, негізгі басымдық ЖОО студенттеріне беріледі. Алау ұстаушы атану үшін 17-28 жас аралығындағы ең үздік студенттер таңдалады. Олардың арасында тек үздік оқитын студеттер ғана емес, жас ғалымдар, әлеуметтік өмірге белсене қатысатын студенттер және басқа да жастар болуы мүмкін. Негізі, басымдық спорт, ғылым және мәдениет саласында өзін көрсеткен студенттерге берілді», -  деді Н. Нұров.

Сонымен қатар, ол бүгінгі шараға белгілі себептермен қатыса алмаған Дариға Шәкімоваға да сертификат пен алау алып жүруші формасы берілетіндігін айтты. Демек, 1000 студенттің екеуі белгілі болды. Олар - Дмитрий Баландин мен Дариға Шәкімова.

Ал ертең, 1 қыркүйектен бастап, эстафетаға қатысуға ниет білдірген  кез келген азамат almaty2017.com сайтына кіріп, сондағы сауалнаманы толтыра алады. Байқау қорытындысы 2016 жылдың 16 желтоқсанында шығады.

Айта кетелік, Қазақстандағы қысқы Универсиаданың алау  эстафетасы 2017 жылдың 25-ші қаңтарында бастау алады. Бұл күні еліміздің барлық облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында тұтандырылады. Әрбір аймақтың студенттеріне өз өңірінің алауын өзіндік бір ерекше жолмен, әдіспен тұтандыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай шара өңірдегі студенттік өмірдің орталығы болып саналатын жоғары оқу орындарының бірінде жүзеге асырылады. Одан кейін, алау аймақ өкілінің алып жүруімен облыс орталығы бойынша саяхатын аяқтап, Алматыға жеткізіледі. Мұнда барлық 16 алау қосылып, Универсиаданың ашылу салтанатының нақты сәтінде үлкен от шоғына айналады. 

Эстафета Алауы кезінде сапалы, жеңіл шырақтар қолданылады. 

null  

Соңғы жаңалықтар