Қазақстанның «жасыл» инвестициялардағы рөлі артып келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның «жасыл» инвестициялардағы рөлі артып келеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ESG (экология, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару) күн тәртібін ескере отырып, әлемдік кеңістікте «жасыл» инвестициялардың рөлі артып келеді. Бір қызығы, бұл бағытта Қазақстанның да рөлі артуда. Бірқатар жобаны іске асыру елімізге «жасыл» сутегінің әлемдік топ-10 өндірушілерінің қатарына кіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, осы жылдың қазан айында Svevind неміс-швед компаниясы Қазақстан Үкіметімен жобалық қуаты 20 ГВт «жасыл» сутек өндіру зауытын салу туралы келісімге қол қойды. Құны 50 млрд доллар тұратын бұл жоба жылына 2 млн тоннаға дейін «жасыл» сутегі өндіруге мүмкіндік береді», - деді ол министрліктің осы жылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Мысырда өткен COP27 жаһандық конференциясында Қазақстан Үкіметі мен Fortessue аустралиялық компаниясы арасында елімізде «жасыл» сутегі өндіру жобаларын іске асыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Мемлекет басшысының Парижге сапары аясында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Франция үкіметімен «Жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы» арнайы келісімге қол қойды.

«Осы құжаттың тармақтарының бірі - Жамбыл облысында қуаты 300-600 МВт сағ энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу. Жобаны Total Eren және «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асырады», - деді Айбек Смадияров.

Фото:cefic.org

Соңғы жаңалықтар