Қазақстанның «жасыл» дамуына басымдықтар арта түсетін болады

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы жарияланған жолдауында жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселесін ғаламдық сын-қатерлердің қатарына жатқызған болатын.

«Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейін өндіруге мүмкіндік береді. Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр. Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады. Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады», - деген еді Елбасы Жолдауында.

ҚР Президенті айқындаған саясатқа сәйкес, еліміз «жасыл» энергияға барынша басымдық беруге бағдар ұстанып, бұл мәселемен егжей-тегжейлі айналысу құзыреті Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктелген болатын. Өз құзыреті аясында министрлік жақында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындап, құжатты бүгін Парламент Сенаты қабылдады.

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, Қазақстанда жаңартылатын энергияны дамыту үшін бірқатар факторлар бар. Олар: жаңартылатын қуат көздерінің зор әлеуеті; мұндай энергияның экологиялық тазалығы; қазба шикізатты қажет етпейтіндігі. Ең бастысы, жаңартылатын энергияның тұрақтылығын да ескеру керек. Демек, олардың даму қарқыны реттелсе, энергетика жүйесінде тұрақтылық қамтамасыз етіледі.

Осыған орай, Парламент қабылдаған заң жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қатысты бірқатар мәселелерді шешетін болады. Атап айтқанда, біріншіден, жаңартылатын энергия көздерінің нысандарын салу құрылысына жер телімдерін беру реттеледі. Бұл үшін Жер кодексіне арнайы өзгерістер қарастырылады. Тоқтала кететін жайт, қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздерінің нысанын салуда біршама қиындықтар бар. «Мәселен, балама қуат алу үшін аса ыңғайлы саналатын өзен алқаптары және олармен іргелес жатқан орман қорына кіретін жер учаскелерінен шағын су электрстансаларын салу жүзеге аса бермейді. Атап айтқанда, шағын су электр стансаларын салуға рұқсат алу үшін жерді орман қорынан шығарып, басқа санатқа ауыстыру керек. Бұл басқа жел электр стансаларын салуға қатысты да туындайтын жағдай», - дейді министр Н. Қаппаров. Соған орай, Жер кодексінің 90-бабына жаңартылатын энергия көздерінің түрлі нысандарын салуды ерекше жағдайға жатқызу қамтылады.

Жаңа заңда қамтылған басты мәселелердің бірі жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуаттарға тұрақты тариф енгізуге қатысты болып табылады. Бұл ретте Н. Қаппаров қолданыстағы заңнама бойынша «жасыл» энергиямен өндірілетін электр қуатының бағасын белгілеуде жүйелік кемшіліктер бар екенін айтады. Мысалы, қазір әр жоба үшін инвестициялық тарифтің деңгейі мен өтелу мерзімдері техникалық экономикалық негіздемені дайындау кезінде жеке қарастырылып, ол өкілетті немесе жергілікті атқарушы органмен келісіледі. Бұл ретте жабдықтарды таңдау, оларды орналастыру орнын белгілеу бойынша жобалардың барлығы тиімді бола бермейтіні де байқалған. Мұндай жағдайда тиімсіз жобаны жүзеге асыруға рұқсат бермеу мүмкіндігі де қаралмаған. Түптеп келгенде, бүгінгі күні балама энергия бойынша тариф белгілеуде түрлі сатыдағы әкімшілік кедергілер, оларды мемлекеттік органдармен келістіру, соның негізінде барып қана тариф белгілеу тетігінің барлығы сыбайлас жемқорлыққа бейімділікті танытады. Соның салдарынан жоғары тарифті жобалар да ұсынылып жатады. Ал тиісті өлшемдер болмағандықтан, мұндай жағдайда бей-берекет тариф бекітуге тосқауыл қою мүмкін болмайды. Ал жаңа заңда мұндай олқылықтарды жою үшін жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуатына тұрақты тариф енгізілетін болады. Оның басымдығы тұрақты тариф енгізілсе, инвесторлардың жобаға салатын қаражатын қайтаруға кепілдік болады. Ендеше, салаға инвесторларды қызықтыруға да мүмкіндік бар деген сөз.

Жаңа заңдағы үшінші басты мәселе - жұртшылық арасында жаңартылатын энергия қуатын пайдалануға ынталандыру тетігін қамту. «Осы бағытта мемлекет қазақстандық өндірушілерден 5 киловаттан аспайтын жаңартылатын энергия қондырғыларын сатып алған жеке пайдаланушының шығынын 50 пайызға өтеуді мойнына алатын болады. Заңның осы нормасы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және отандық өндірушілердің нарығын қорғауға жағдай жасайтыны анық. Бұл көбінесе ауылдық елді мекендерді, шалғайдағы фермерлік шаруашылықтарды қолдауға бағытталады», - дейді министр.

Бұл ретте жеке пайдаланушылар жаңартылатын энергияны қолдану барысында өздерінен артылған қуат көзін жалпы пайдаланушыларға сату мүмкіндігіне ие болады. Нұрлан Қаппаров мұндай тетіктің жұртшылық арасында жағымды жаңалыққа айналып, халық арасында жаппай таралуына қол жеткізетінін айтады.

«Мысалы, Германия мен АҚШ-та біраз жылдар бойы тұрғын үйлердің шатырына күн батареяларын орнатуды қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді. Оның ішінде Германияда үй иесі бастапқыда күн батареясын орнату үшін бір мезгілде айтарлықта қомақты қаржы жұмсайды. Сосын ол өндірілген энергияны тұрақты тариф бағасымен бірыңғай энергия жүйесіне жіберіп тұрады, ал өзі тұтынатын электр қуатын жалпы желіден нарықтық тарифпен пайдаланып отырады. Соның арқасында әлгі тұтынушы пайдаланған күн батареясы бірнеше жылда-ақ өзін-өзі ақтап шыға келеді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бұған дейін Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын әзірлеп, бұған Елбасы қол қойған болатын. Тұжырымдамаға сәйкес, 2014 жылға қарай Қазақстанның энергетикалық теңгеріміндегі «жасыл» энергетика үлесін 1 пайызға, ал 2020 жылға қарай 3 пайызға жеткізу жоспарланады. Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанда жаңартылатын энергетика технологиялары біртіндеп арзандай бастайды және одан әрі дамиды. Бұл энергияны генерациялау кезінде баламалы қуат көздерін кең көлемде қолдануға мүмкіндік береді. Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай жалпы энергия тұтыну көлемінде жаңартылатын энергия үлесін 10 пайызға жеткізу жоспарланады. Ал орта мерзімде жеке тұтынушылардың жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларын жүзеге асыруды қолдау және ауқымды «жасыл» жобаларды Қазақстанның энергетика жүйесіне интеграциялануын қамту көзделеді.

Түптеп келгенде Парламент қабылдаған заң Қазақстанның «жасыл» дамуына басымдықтарды арттыра түсетін болады.

Соңғы жаңалықтар