Қазақстанның жастар ұйымы экология саласындағы халықаралық марапатқа ие болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Австрия павильонында павлодарлық «Жас гвардия» қоғамдық қорына экология саласындағы Energy Globe Award беделді халықаралық сыйлығы табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат павильонның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марапатты Австрия елшілігінің сауда кеңесшісі Михаэль Мюллер табыс етті.

Energy Globe Award сыйлығының мақсаты - экологиялық өзгерістер мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану қажеттігі туралы халықты хабардар ету. Байқауға жыл сайын 178-ге жуық мемлекет өкілдері қатысады. Бұл сыйлық экология, энергияның тиімділігі және жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемнің үздік жобаларын анықтайды және марапатты әр жылдары Кофи Аннан, Михаил Горбачев, Мартин Шин, Петер Фальк сынды танымал тұлғалар алған.

Павлодарлық «Родное Прииртышье» жобасы халықаралық ұйымның барлық мақсаттарына сәйкес келеді. Бұл жоба жастарды қоршаған ортаны таза ұстау мен табиғи байлыққа ұқыпты қарауға шақырады.

«Жобаның негізгі мақсаты - қоғам назарын Ертіс өзені бассейнінің табиғатын зерттеу мен қорғауға аудару. Біздің бастама аясында Павлодардың 200-ден астам мектеп оқушылары, студенттер және ҮЕҰ өкілдері Ертіс өзені алқабының жағалау аймағындағы қала халқы мен өзеннің экожүйесіне қауіп төндірген ескі орманның орнын тазалауға атсалысты. Одан бөлек, жобаның басты кезеңі өзен жағасына тұрақты бақылау жүргізу болып табылады. Бұл экожүйедегі өзгерістерді бағалау негізін қалыптастырады және тиімді әрі арзан экологиялық шешімдерді жасауға мүмкіндік береді», - деп пікір білдірді «Жас гвардия» ҚҚ директоры Юрий Довгаленко.

Айта кетейік, 2012 жылдан бері Ертіс өзенінің жағалауын тазалау науқаны жыл сайын өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар