Қазақстанның жас эстрада жұлдыздары Жастар жылына қолдау білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан еліміздің бір топ жас эстрада жұлдыздары өткен жылғы шығармашылық жұмыстарын қорытындылап, биылғы Жастар жылына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жыл Жастар жылы болып жарияланып, қатты қуанып жатырмыз. Бұл жыл жастар үшін жемісті әрі жеңісті жыл болады деп сенемін. Енді «Қазақконцерт» бірлестігінің өткен жылғы атқарған жұмыстарына тоқталсам, үлкенді-кішілі 139 жобаны жүзеге асырдық. Оның ішінде 2 халықаралық жоба бар. Атап айтқанда, екінші халықаралық «Астана» театр фестивалі өтті. Екінші жобамыз әлемде әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклі алғаш рет қазақ тілінде қойылды. Бұл мюзиклді алдағы уақытта Азия елдеріне шығару жоспарда бар», - деді шара барысында «Қазақконцерт» бірлестігінің эстрада бөлімінің жетекшісі Мөлдір Әуелбекова.

Ал әнші Әлішер Каримовте Жастар жылы жастарға үлкен мүмкіншіліктер беретіндігін баса айтып, былтырғы шығармашылық жетістіктері жайында сөз қозғады. Биыл өнер жолында жүргеніне 15 жыл толатындығын, алдағы уақытта еліміздің түпікір-түпкірінде концерт беру ойында бар екендігін атап өтті.

«Елбасымыздың бастамасымен 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы жастарға берілген үлкен қолдау деп ойлаймыз. «Жігіттер» квартеті сахнада жүргеніне 15 жыл толуына орай есеп беру концертін өткен жылы Алматыдағы «Алматы Арена» стадионында өткізді. Желтоқсан айында Астана қаласында мерейтойымызды атап өттік. Халықтың көңілінен шығатын кеш өткіздік деп ойлаймыз. Таяу арада 15 жылдық мерейтойға арналған бағдарламамызбен алыс-жақын елді елдерде өнер көрсет жоспарымызда бар», - деді өз кезегінде «Жігіттер» квартетінің әншісі Елдос Қанаев.

Ал «Астана Опера» театрының солисі Бақтияр Адамжан биылғы жыл жастарға зор жауапкершілік те жүктейтіндігін баса айтты. Мемлекеттік жастар саясатының арқасында жастардың үлкен жетістіктерге жетіп жатқаныдығына да назар аудартты.

«Мәселен, өзім 2013 жылы Астанаға келгеннен бері өмірі күрт өзгерді. Бұл жастарға берілген мүмкіншіліктің, дұрыс көзқарастың арқасы деп ойлаймын», деді жас әнші.

Әнші Әли Оқапов та өткен жылғы шығармашылық жетістіктеріне тоқталды.

«Өткен жылы бір арманым орындалып, жеке кешім өтті. Еліміздегі ең үздік концерт залында, үздік мамандардың қолдауымен керемет кеш өтті деп есептеймін. Биылғы жылғы жоспарларым да орындалады деп сенемін. Жастар жылына орай концерт беруге дайынбыз», - деді Әли Оқапов.

Соңғы жаңалықтар