Қазақстанның Жаңа жылы Наурыз мерекесімен басталуы тиіс - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 20-сы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан» орталық концерт залында Наурыз мейрамына арналып ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалап, концерт басталмас бұрын жиналған қауымға және барша қазақстандықтарға арналған мерекелік құттықтау сөзі жарияланды. Елбасының құттықтауында «Біздің ұлттық құндылықтары­мыз, рухани мұраларымыз әз-Нау­рызбен біте қайнасқан. Тарихтың талай бұралаң жолдарынан өткен тағдырлы халқымыз қандай кезеңде болса да Наурызды жадынан шы­ғар­ған емес. Ақ пейіл жұртымыз қашанда Ұлыстың Ұлы күнін ақ дас­тарқан жайып, ақ тілекпен қар­сы алған. Елдің тыныштығын, ха­лықтың ынтымағын тілеген. Бұл күні бұлақ көзін ашып, шыбық қадап, көршісіне көмек беріп, сауап­ты ізгі істермен айналысқан. Біз ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жал­ға­сып келе жатқан осындай игі дәс­түрлерді өрістетіп, оның мазмұ­нын байыта түсуіміз керек», делінген.

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Қазақстан Республикасындағы өңірлік үйлестірушісі Сабер Азаммен кездесті. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, келіссөз барысында босқын­дарға, соның ішінде төтенше жағдайларда да көмек көрсету, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау тетіктерін дамыту мәсе­лелері талқыланды. Сабер Азам Үкімет басшысына БҰҰ Жоғарғы комиссары бас­қар­масы өкілдігінің қызметі туралы хабарлап, Қазақстанның босқын­дардың ел аумағындағы мәртебесін айқындайтын босқындар туралы заңды қабылдағанына қолдау білдірді.

«Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Шетелдерде кадрлар дайындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Үміткерлердің ең көбі Ұлыбритания ЖОО-ларына баруды қалаған көрінеді. Олардың саны 55 адам, ал Ресейге - 50 және АҚШ-қа 31 үміткер баруды көздеп отыр. Сондай-ақ Польша, Испания, Словакия, Швейцария, Германия, Франция, Канада, Италия, Бельгия, Малайзия, Сингапур және т.б. елдерді қалағандар да бар. «Болашақтықтар» таңдаған басымды мамандықтар арасында «Кәсіби білімнің теориясы мен методикасы», «Педагогикалық диа­гностика, білім сапасын баға­лау мен басқару», «Шығыстану», «Ақпараттық технология», «Эко­логия», «Құқық», «Экономика», «Биотехнология», «Мемлекеттік саясат», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Менеджмент» және басқалар бар. Отырыс қорытындысы бойын­ша Республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын 139 үміткерге беретіндігі жөнінде шешім қабылдады.


***

Әз-Наурыз мейрамына орайластырылған, «Наурыз нұры» деп аталған мерекелік кеш кеше Астанадағы «Қазақстан» кино-концерттік залында өтті. Оған қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды «Ұлыстың ұлы күнімен» құттықтаған. «Айқын» газетінің жазуынша, мерекелік шара барысында жасалған ел Президентінің кешегі мәлімдемесі алда қоғамдық пікірде әлі-ақ үлкен дүмпу туғызары анық! Мемлекет басшысы жыл басын тек рухани ғана емес, ресми тұрғыдан да наурыздың 1-інен бастау туралы идеясын ортаға тастады. Осыған орай басылымда «Біздің «Жаңа жылымыз» осы мерекеден басталса дұрыс болар еді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда ҚР Президентінің «Ойлап қарасақ, біздің «Жаңа жылымыз» осы мерекеден басталса дұрыс болар еді! Әнеугүні ақпанда қытайлар өзінің, корейлер өзінің жыл басын тойлап жатты. Ал біз Петр І-дің алып келген 1-ші қаңтарымен жүрміз әлі күнге дейін!», деген сөзі келтірілген.

Елдік нышандарды дәріптеу - ерлікке де бастайтын қасиет». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің сенбілік санында жарық көрген мақалаға кеше Парламентте өткен «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми жиын арқау болған. Осы жиынға қатысушыларға арналған Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің хатында Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына жан-жақты материалдық-техникалық және қаржылай қолдау жалғаса беретіндігі айтылған. Ал жиында негізгі баяндаманы Мәжіліс басшысы О.Мұхамеджанов жасады. «Тілдің қоғамда кеңінен қолданылуына қол жеткізу үшін бірінші міндет - оны үйрету. Тіл үйретудің тетігі, ең алдымен, балабақша, мектеп, сосын жоғары оқу орны, тіл үйрету орталықтары болып жалғаса беретіні белгілі. Ендеше, мемлекеттік тілді республика азаматтарының игеруі ісіндегі жетістіктерімізді немесе олқылықтарымызды нақ осы буындардан іздеуіміз керек болар», деп ол өз баяндамасында.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Зейнеп Ахметова. «Наурыз күні мал соймайды, қан шығармайды...» деген тақырыппен берілген сұхбатты егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе, басылымның сенбілік санына назар аударыңыз.

***

«Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірі толығымен ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған. Басылымның дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында «Наурызды қарсы алудың нақты сағатын белгілеу керек пе?» деген сауал елімізге есімі белгілі екі азаматқа қойылған.

Филология ғылымының докторы Ислам Жеменей «наурыздың 21-інен 22-сіне өтер түнді жаңа жылды қарсы алу мерекесі ретінде толйлаудың маңызы зор. Бұл бастаманы қуана отырып қолдаймын. Отбасының төрт көзі түгел қосылып, наурыз көже ішіп, Қызыр бабадан тілек тілесе, ұлттық ерекшелігімізге әлдеқайда жақын дүние болмас па еді. Және осы бастаманы ресми түрде мемлекет тарапынан бекітсек, оны отбасылық мерекеге айналдыруға да болады» десе, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов «жоқ, Наурыз мерекесін қарсы алудың нақты бір сағатын белгілеу арқылы оны отбасылық мерекеге айналдыруға қарсымын. Бұл Наурыз мерекесінің кеңінен тойлануын да шектеуге алып келеді. Сондықтан мұқият алды-артын ойластырған жөн», депті.

«Астана ақшамы» газетінің айқара бетінде белгілі жазушы, журналист-зерттеуші, Қазақ ақпарат агенттігінің бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлымен арадағы сұхбат «Дерек пен дәйекке сүйенгенді қолай көремін» деген тақырыппен жарияланды. Басылым тілшісінің сан алуан сұрақтарына тұшымды жауап берген Ж.Бейсенбайұлы Наурыз мейрамының төл тарихына орай қойылған сауалға «бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамының пайда болған жері - арилер мен арғы түрктер араласа-құраласа қонған мекен - бүгінгі Орталық Азия жері десек те болады», деген пікірін білдірген.

Сондай-ақ бұл басылымнан Наурыз мерекесіне қатысты көптеген ақпараттар алуға болады.

***

Алматы облысындағы Қызылағаш ауылын су тасқыны шайып кеткеніне, 40 адамның қаза тапқанына 9 күн болды. Кеше жаңа елдімекен құрылысының алғашқы тасы қаланды. Апат болған аймақта қазіргі уақытта не болып жатыр? Оқиғаға кім кінәлі? Су тасқыны билік үшін сабақ болды ма? Бұл сауалдарға жауап берген облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқановтың сұхбатын оқығыңыз келсе, «Время» газетіне назар аударыңыз.

«Елордадан гуманитарлық жүк тиелген автокеруен су тасқынынан зардап шеккен Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылына аттанды», деп жазады «Вечерняя Астана» газеті.

Алматы облысына аттанған автокеруен жайында егжей-тегжейлі жазылған мақалаларды «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы» газеттерінен де оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар