Қазақстанның жаңа Кеден кодексі баж салығын төлеуді шегеруге мүмкіндік береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметте таныстырылған «Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы» жаңа Кодекстің жобасы кедендік баж бен салық төлеу мерзімін кейінге шегеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы жобаны таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Ведомство басшысының мәлімдеуінше, Кодексте ақпараттық технологияларға басымдық беруден бөлек, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін өз шығындарын оңтайландыруға бірқатар мүмкіндіктер пайда болды. Мәселен, олар кедендік баж бен салық төлеу мерзімін ұзарта алады.

«Егер декларант қандай да бір себептермен кедендік баж салығы мен салықтарды төлей алмаса, бұл мерзімді мемлекет пайыз төлеу жолымен бір айға ұзарта алады. Жекелеген жағдайларда алты айға дейін пайызсыз шегеруге болады. Бұл халықаралық келісімдер аясындағы жеткізілімдерді жүзеге асыруда, ауыл шаруашылығы техникасын, егістік материалдарын, асыл тұқымды малды жеткізу кезінде, салық төлеуші табиғи, технологиялық апаттан немесе өзге де себептермен зардап шеккен жағдайда жүзеге асырылады», - деп түсіндірді Т.Сүлейменов.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Қазақстан Республикасындағы Кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің жобасын таныстырды . Министрдің айтуынша, жаңа Кеден кодексінің қолданыстағы кедендік заңнамадан басты айырмашылығы - бизнес процестердің автоматтандырылуы және электронды декларациялау басымдығының енгізілуі.

 

Соңғы жаңалықтар