Қазақстанның жаңа биозертханасы шетелдік ғалымдар үшін ашық болады - СІМ

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Қазақстанда құрылатын төртінші деңгейдегі биозертхана халықаралық ынтымақтастыққа мүдделі қатысушылар үшін ашық болады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен екіжақты кездесуінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
«Бұл - ашық процесс, біз халықаралық ынтымақтастыққа ашықпыз. Әрине, Ресейдің ғалымдары, зертханалары мен орталықтары да осы саладағы ынтымақтастыққа шақырылады»

, - деді министр.

Биологиялық қауіпсіздік мәселесі халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі, әсіресе коронавирус пандемиясының салдарымен күресу қажеттілігі кезінде маңызды екені аталып өтті.

«Ресей Федерациясымен осы мәселелерде (биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету - авт.) табысты қарым-қатынас орнатылған. Ресейлік серіктестерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Біз өз тарапымыздан ҰҚШҰ қауіпсіздік кеңесі комитеті жанындағы Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ресейлік бастаманы қолдадық. Іс жүзінде біз ұйымның жарғысына өзгерістер енгізу бойынша тиісті хаттама бекітуге шығып отырмыз»

, - деді Мұхтар Тілеуберді.

Сергей Лавров қазіргі уақытта тараптар биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша екіжақты меморандум дайындау аяқталуға жақын екенін хабарлады. Сонымен бірге, кейінгі жылы биологиялық қауіпсіздік проблемасы, биологиялық және уытты қаруға тыйым салу жөніндегі Конвенцияны нығайту мәселелері бойынша, тараптар ҰҚШҰ мен ТМД-ға мүше елдердің мемлекет басшылары, министрлері деңгейінде тиісті өтініштер мен құжаттар қабылдады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрлері кездесті.



Соңғы жаңалықтар