Қазақстанның ядролық қарусыздануының саяси аспектілері британиялық алаңда талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Британ-Қазақстан қоғамының платформасында Қазақстанның ядролық қарусыздануының саяси аспектілеріне арналған вебинар өтті. Кездесу Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар тізбегі аясында өтті.

Іс-шараның модераторы Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудман болды. Ол қатысушыларға АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Сэм Нанн мен Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсонның құттықтау жолдауларын табыс етті. Сенатор С. Нанн өз хатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы батыл шешімі мен ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы басқа да бастамалары туралы еске салған. Ұлыбритания үкіметінің басшысы тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтіп, екіжақты қатынастардың одан әрі дамуына сенім білдірген.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов өз сөзінде Семей полигонын жабу туралы шешім қабылданған жағдайды еске салды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың пікіріне сүйене отырып, КСРО әскери қолбасшылығының ұстанымына тікелей қайшы келетін батыл қадам жасады. Бұл бастама жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде Қазақстанның қазіргі бет-бейнесін қалыптастырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ядролық қарусыздану үдерістерін қолдауда дәйекті саясатты жалғастырып жатыр.

Екінші негізгі спикер ретінде Атом қуаты халықаралық агенттігі (АҚХА) жанындағы Ұлыбританияның бұрынғы Тұрақты өкілі Питер Дженкинс сөз сөйледі. Ол ядролық қарусыздану саласындағы ағымдағы жаһандық ахуалға терең шолу жасай отырып, бүгінгі таңда ядролық мемлекеттер ядролық арсеналдарды ұлғайтуды және жаңғыртуды жалғастырып жатқанын, сондай-ақ ядролық қару жарысының болуы мүмкін жаңа кезеңінің белгілері пайда болып жатқанын атап өтті.

Р. Гудман іс-шараны қорытындылай келе, халықаралық қауіпсіздікті, бейбітшілік пен өркендеуді сақтау ісінде үкіметтер мен сарапшылар арасындағы қазақстандық-британиялық диалогты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Таяу уақытта Британ-Қазақстан қоғамы Қазақстанның ядролық қарусыздануының техникалық жағына назар аударатын тағы бір вебинар өткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар