Қазақстанның вундеркинд балалары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көптеген адамдар өздері таңдаған салада биік белестерге жету үшін қыруар уақыт пен күш-жігер жұмсайды.

Кейбірі ұзақ күткен арманына тек есейген шағында жетеді. Бірақ қабілеттері балалық кездерінде-ақ біліне бастайтын адамдар да бар. Кейде оларды өз істерінің небір майталмандары басып оза алмайды. Түрлі салаларда өздерінің данышпандық қабілеттерімен ерекшеленіп жүрген Қазақстанның вундеркинд балаларының бестігін ұсынамыз.

Данияр Құрманбаев



Данияр кез келген сандармен математикалық есептерді компьютерлік жылдамдықпен ойша шығара алады. Ол YouTube-қа салынған видеодан кейін танымал бола бастады. Бейнежазбада тоғыз жастағы Данияр ересек адамның тапсырмасымен сандарды ойша қосып, азайтады.

Бұдан кейін оны Андрей Малахов пен Александр Гордон өз бағдарламаларына шақырған болатын.


Бибісара Асаубаева

Он екі жастағы Бибісара классикалық шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы. Шахматта оны спорт шеберлері - ересек ер адамдар да жеңе алмады.

Бибісараны шахматқа 4 жасында атасы үйреткен. Содан бері оқушы қыз бұл ойын түріне күніне 8 сағат арнайды. Ол 6 жасында Астанадағы чемпионатта жасы үлкен қыз балалармен ойнап, бірінші орынды иеленген болатын.


Жансая Әбдімәлік


Жансаяның жасы - 16-да. Ол төрткүл дүниеге «шахмат ханшайымы» әрі әлемдегі ең жас гроссмейстер қыз ретінде танымал.

Жансая 6 жасында Алматыдағы біріншілікті ұтып, бір жылдан кейін ел чемпионы болды. Сәл кейінірек Азия және әлем чемпионы атанды. 2013 жылы FIDE азиялық федерациясы Жансая Әбдімәлікті 20 жасқа дейінгі Азияның ең үздік шахматшысы деп таныды.


Жамбыл Дүйсенов


Бүгінгі күні Жамбыл Дүйсенов көптеген ақындардың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленіп отыр. Ұлы ақын Жамбылдың есімін арқалаған жас дарынның өлеңдері жалындап тұр. 9 жасында оның  «Періште тілек» атты жинағы жарыққа шықты.

2 жасында ол барлық әріптерді жатқа білді, ал бес жасында ата-анасына арнап өлең жаза бастады. Жамбыл ерте жасынан газеттер мен журналдарды оқуға қызығушылық танытты.


Алдияр Божбанов

Жас дарын. Көптеген балалар компьютерлік ойындарда жаңа деңгейлерді бағындырумен айналысып жатқанда, қарағандылық оқушы бала «жасыл» экономика бойынша жаңа жобалар үшін идеялар ойлап табуда.

Эко-қалашық, жел-күн электрстансысы және әмбебап қуаттандыру құралы - мұның барлығы Алдияр ойлап тапқан жобалар. Ол 6-сыныпта  арнайы құрылғының көмегімен органикалық қалдықтарды газға айналдыруды және одан жылу мен электр жарығын өндіруді үйренді.

Алдияр мектепке 4 жасында барды. Ол өзінің барлық идеялары өндірістік қолданысқа енетініне үмітті.


Дереккөз: catch.today



Соңғы жаңалықтар