Қазақстанның волонтер жастары Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақстандық ерікті жастар Ресейдің «Жеңіс волонтерлері» қоғамдық қозғалысының орталық штабынан шақырту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеңіс волонтерлері» қоғамдық қозғалысы орталық штабының төрайымы Ольга Амельченкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қостанайда өткен халықаралық форум барысында Ресейдегі волонтерлік қозғалысының жұмыстарын таныстырды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында атқарылатын шаралармен бөлісті.

«Біз Жеңістің 75 жылдығы шеңберінде әр елдің волонтерлерін жинамақпыз. Осы шараға қазақстандық жастарды да шақырамыз. Біздің басты ұранымыз - соғысты енді болдырмау. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары санамыздан әлі кетпеді. Осы тұрғыда еріктілер штабының жобаларына әлемнің 50-ден астам мемлекеті қолдау білдірді. Көрші ел де шет қалмайды деп сенемін», - деді Ольга Амельченкова.

Мемлекет басшысы бұл шақыртуды толығымен қолдайтынын жеткізді. Осылайша, қазақстандық ерікті жастар 2020 жылы Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне қатысуға мүмкіндік алды.

Қостанайлық студент Сәния Есмұратованың сөзінше, бұл - Жастар жылының тосынсыйы.

«Мен облыста өтетін мәдени шараларда волонтер болып жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды. Бастысы, азаматтық ұстанымымызды емін-еркін білдіре аламыз, сонымен қатар қоғамдық шаралардың бел ортасында жүреміз. Енді Ресейде өтетін жеңіс шеруіне баруға мүмкіндік алып отырмыз. Бұл біз үшін күтпеген жаңалық болды», - дейді волонтер.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Ресей жастарының халықаралық форумына қатысты.

Соңғы жаңалықтар