Қазақстанның үздік жеңіл атлеттері марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жыл үздіктерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат федерация баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған шарада Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері федерация президентінің қолынан алғыс хатпен қаржылай сыйақы алды. 

Естеріңізде болса, Түрікменстан астанасында Қазақстан жеңіл атлеттері жалпы саны 10 медаль жеңіп алған болатын. Оның ішінде 6 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль бар. Ольга Рыпакова үш қарғып және ұзындыққа секіруден топ жарса, Виктория Зябкина 60 метрге жүгірудің үздігі атанған. Сырықпен секіруші Сергей Григорьев пен ядро серпуші Иван Иванов және 400 метрге жүгіруші Элина Михина да чемпиондардың қатарында. Сондай-ақ жүлдегерлер қатарында Мария Овчинникова (үш қарғып секіру), Ольга Сафронова (60 метрге жүгіру), Анастасия Виноградова (60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру) бар.

Биылғы жылы Лондонда өткен әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген, «Гауһар лиганың» финалдық кезеңінің жеңімпазы атанған Ольга Рыпакова «Жылдың үздік жеңіл атлеті» атанды.

«Жеңіл атлетика федерацясының спортшылардың еңбегін бағалап, осындай құрмет көрсетіп жатқанына алғыс білдіремін. Шынын айту керек, мұндай марапат алғаш рет болып тұр. Сондықтан спортшылар федерацияның қазіргі басшылығына алғысын білдіреді», - деді Ольга Рыпакова.

Ал «2017 жылғы ең үздік жоба» болып, «ALTAY athletics» клубы танылды. Жүлде клубтың құрылуына өз үлесін қосқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке табысталды.

«Жылдың үздік аймақтық федерациясы» номинациясын Қарағанды облысы жеңіп алды. Салтанатты шараға облыстық федерацияның президенті, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев қатысты.

Одан бөлек, Ұлттық Олимпиада комитеті 25 жылдық мерейтойына байланысты дайындаған Олимпиада ойындарында атой салған жеңіл атлеттер Ольга Шишигина мен Дмитрий Карповқа арнайы төсбелгі табысталды.

Соңғы жаңалықтар