Қазақстанның үздік медициналық ұйымдары марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Дені сау ұлт» медициналық саммитінде ALTYN SHIPAGER сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты кеште Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздің үздік медициналық ұйымдарына мүсіншелерді табыс етті. Ол еліміздің медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.

Мәселен, «Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің үздік медициналық ұйымы» номинациясында Көкшетау қаласының емханасы жеңіске жетті. Емханаға 33 жылда Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының 91 мыңнан астам тұрғыны тіркелген.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің № 2 қалалық көпбейінді ауруханасы – тұрғындарға 24/7 тәулік бойы шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін ірі көпбейінді емдеу-диагностикалық мекемелердің бірі, ол «Қаланың үздік стационары» болып танылды.

«Үздік көпбейінді облыстық аурухана» атағына Түркістан өңірінің облыстық клиникалық ауруханасы лайықталды. Оның 27 клиникалық бөлімшесі, 2 анестезиология және реаниматология бөлімшесі, 5 емхана, оның ішінде онкология орталығы және параклиникалық бөлімшелері бар.

ALTYN SHIPAGER сыйлығының нұсқасы бойынша «Ең үздік аудандық аурухана» болып Қарағанды облысы Абай ауданының орталық аудандық ауруханасы жарияланды. Мекеме үш рет «Сала көшбасшысы» ұлттық сертификатын алған.

«Үздік жедел медициналық жәрдем станциясы» аталымында Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы топ жарды. Мекеме 789 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді және қызмет көрсету радиусы 180 шақырымға жетеді. Бұл ретте тәулік сайын станция пультіне 1500-1800 қоңырау келіп түседі, ал желіге 70 бригада шығады. Станция базасында қызметкерлерді үздіксіз оқыту үшін заманауи жаттығу құрылғылары бар Симуляциялық орталық жабдықталған.

Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасы «Үздік облыстық балалар ауруханасы» номинациясын алды. Мекеме 1965 жылы құрылған және онда 100 төсек-орны бар хирургиялық блок ашылған. Бүгінде аурухананың әлеуеті балаларды қорғаудың негізгі бейінді бағыттары бойынша 550-ден астам төсек-орынды құрайды.

Сонымен бірге, 360 төсек орны бар Алматы қаласының №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы «Қаланың үздік балалар стационары» болып танылды. Аурухана елу жылдан астам тарихында көптеген өзгеріске ұшырап, жаңа жабдықтармен және жоғары білікті кадрлармен жабдықталған заманауи клиникаға айналған.

2019 жылы Ақтөбе облысында ашылған «Аяла» балаларды оңалту орталығы «Үздік балаларды оңалту орталығы» сыйлығын алды. Орталықта жыл сайын ауыр неврологиялық аурулары бар, оның ішінде БЦП, туа біткен даму кемістігі бар, сондай-ақ ауыр кардиохирургиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық операциялардан кейін 2 мыңнан астам бала оңалту емін алады.

Одан бөлек, Түркістан облысының №1 облыстық перинаталдық орталығы «Ең үздік босандыру ұйымы» атанды. Мекеме тек өңірдің ғана емес, Қазақстанның да ірі перинаталдық орталықтарының бірі болып саналады. Бұл ұйымда 300 төсек-орын, 600-ден астам қызметкер бар. Жыл сайын орталықта 10 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Соңғы екі жылда орталықта бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ.

«Үздік медициналық колледж» сыйлығы Павлодар медициналық жоғары колледжіне берілді. Мекеме 70 жылдан астам тарихы бар облыстың көне оқу орындарының бірі. 2021 жылдың мамыр айында колледж Еуразиялық аккредиттеу және білім беру мен денсаулық сақтау сапасын қамтамасыз ету орталығының (ECAQA) халықаралық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуінен өткен.

«Үздік медициналық жоғары оқу орны» сыйлығын Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жеңіп алды, 91 жылдан бері бұл оқу орны Қазақстан мен Орталық Азияда медицина мамандарын даярлау үшін жетекші жоғары оқу орнының белгісін сақтап келеді. 2021-2022 жылдары университет QS World University Ranking әлемдік университеттердің элиталық рейтингінің құрамына кірген.

Масғұт Айқымбаев атындағы Ұлттық ғылыми аса қауіпті инфекциялар орталығы «Денсаулық сақтаудың ең үздік ғылыми ұйымы» номинациясында жеңіске жетті. Бұл ұйым 73 жыл бойы елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, мониторингтің, профилактиканың ғылыми негіздерін әзірлеумен және енгізумен, ҚР аумағында адамдардың аса қауіпті инфекцияларды жұқтыру қаупін бағалаумен айналысады.



Соңғы жаңалықтар