Қазақстанның үздік дебатшылары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 17-18 қазан күндері Шымкентте «Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогіне арналған XVIII республикалық пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Jas Otan» жастар қанатына сілтеме жасап.

Jas Otan және Ұлттық пікірсайыс федерациясы ұйымдастырған британдық және америкалық парламент форматындағы турнирге Қазақстанның әр түкпірінен 36 команда қатысты. Турнирдің жалпы жүлде қоры 2 млн теңге болған.

«Пікірсайыс турнирінің мақсаты – өз ойын емін-еркін, азат әрі нақты дәйекті түрде жеткізетін, талантты, білімді жастарды қолдау. Бұл осымен партия тарапынан қолдау тапқан кезекті 18-інші турнир. Бұл – үлкен тарих. Ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі - турнирдің құрметті қонақтары қатарында турнирге он жыл бұрын қатысқан аға буын өкілдерінің қатысуы», деп атап өтті Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Бұхарбай Болат жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде.

Ұйымдастырушылар «Швед моделі» тиімді ме? Онлайн-оқыту тұрақты тәжірибеге пайдаланған жөн бе? Праймериздің ең үздік нәтижесі қандай?» осы және басқа да көптеген тақырыптарды турнирдің өзекті мәселелері деп таныды.

«Жастар арасындағы праймеризге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, суицидке және т.б. қатысты бүгінгі 12 өзекті тақырып алынды. Біз осы мәселелерді шешуде жастардың пікірін ескеру маңызды екенін түсінуіміз керек. Пікірсайыс - ымыраға келудің жақсы құралы. Праймериз кезінде көпшілік алдында пікірсайыс мұның айқын дәлелі болды. Сондай-ақ, бұл турнир өз ойын дұрыс жеткізе алатын жастарды қолдауға ықпал етеді», - дейді «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.

Нәтижесінде «Үздік төреші» номинациясын «Ақиқат» пікірсайыс клубының өкілі Әбдісаттар Шідербай жеңіп алды. Петропавл қаласының «Император» фракциясы «Белсенді қатысушы» номинациясы мен 100 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болса, үшінші орын мен 200 мың теңгені –Алматы қаласының «KN» командасы және Көкшетау қаласының «Вагабунд» командасы жеңіп алды.

Екінші орын мен 300 мың теңге сертификатын қазақ және орыс лигаларында да Нұр-Сұлтан қаласының пікірсайысшылары алды.

Қазақ лигасында бірінші орынды Алматы қаласының «Праймериз» тобы, орыс лигасында «Павлодар» тобы иеленіп, 400 000 теңгелік сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, «Праймериз» командасының пікірсайысшысы Жарылқасын Сақтаған «Үздік спикер» атанды.


Соңғы жаңалықтар