Қазақстанның үздік 20 мемлекеттік қызметшісі марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы конкурсқа қатысушылар арасында тек қана саяси және әкімшілік қызметшілер ғана емес, әлеуеттік құрылымдардың қызметкерлері де бар.

«Биыл бұл мереке тәуелсіз Қазақстанның символы - Астананың 20 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, мемлекеттік қызметтің миссиясы - халыққа адал қызмет ету және ұлттық мүддені тиімді қорғау. Бұл салада қазір 98 мыңға жуық қызметші еңбек етуде. Олардың әрқайсысы ел Президентінің стратегиялық бағдарын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Олардың ерен еңбегі мен жасампаз істерінің арқасында Қазақстан табысты, қуатты және беделді мемлекетке айналды. Бүгінгі жеңімпаздар да жоғары құзіреттілігі, мақсаты мен еңбексүйгіштігінің арқасында жеңіске жетті», - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова марапаттау рәсімінде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 454 өтініштің ішінде конкурсқа қатысуға 390 адам жіберілген. Солардың арасынан 50 және одан да жоғары ұпай жинаған 189 адам іріктелді. Қорытынды әңгімелесуге 52 үміткер өтті. Республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 20 жеңімпаз анықталған.

Жеңімпаздардың арасында Атырау облысы Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Марат Әбуов, Маңғыстау облысы Қаржы басқармасының бөлім басшысы Рамир Алекберов, ҚР Президенті әкімшілігі Стратегиялық әзірлеме және талдау орталығының сектор меңгерушісі Светлана Гамарник, Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қалалық мәслихаты аппаратының бас маманы Раушан Ешекенова, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Дайыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әдемі Ешмұхамбетова, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев және Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева бар.

Сондай-ақ, ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттар қызметін қамтамасыз ету департаментінің халықаралық байланыстар және протокол бөлімі меңгерушісінің орынбасары Алмат Игенбаев, ҚР Президенті кеңсесінің инспекторы Гүлназ Қажиева, Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті Талдау және тәуекелдер басқармасының басшысы Бақытгүл Қазақбаева, Қызылорда облысы Қазалы ауданы сотының жетекші маманы Берік Керуенбаев, Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов, Павлодар облысы Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының Мемлекеттік құқықтық және заң сараптамасы басқармасының бас маманы Самал Құдайберген және Қостанай облысы Әулиекөл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Санжар Мирасбеков «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» атанды.

Ақтөбе облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Гүлмира Низарова, Атырау облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұрәлиев, Астана қаласының қазынашылық департаментінің басшысы Рахат Тоқбаев, Маңғыстау облысының Жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысы Бауыржан Тұяқов, Павлодар облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі өкілі Юрий Фельдман және Атырау облысы әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі бөлімінің бас маманы Ермек Шмалиев те үздік жиырмалыққа енген.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға үлкен мақсат қойды - 2050 жылға дейін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру қажетті. Бұл міндетті іске асыру мемлекеттік басқару механизмі тиімді жұмыс істемейінше мүмкін емес. Осыған байланысты, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметкер» байқауын жариялауы өзекті болып табылады. Өйткені, бүгінгі әлемдік өзгерістер шеңберінде Қазақстанның дамуына ықпал ететін, өмірге алдыңғы қатарлы идеяларды енгізуге дайын жаңа адамдарды табуға мүмкіндік береді. Президенттің биылғы Жолдауында еліміздің келешектегі қарқынды дамуының басым бағыттары мен негіздгі жолдары айқындалып берілген. Елбасының бұл Жолдауы қоғамымыздың алға басуына тың серпін беріп, елімізді жаңа кезеңдерге бастайтыны сөзсіз. Біздің алдымызда тұрған міндет - Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген 10 бағытты жете түсініп, нақты істерді атқаруда бірлесіп әрекет ету», - деді байқау жеңімпазы, Атырау облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысы Айдар Нұрәлиев.

Конкурстың ең жас жеңімпазы 24 жаста болса, ең үлкені - 53 жаста.

Айта кетейік, Қазақстанда 23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күні болып жарияланған.

Соңғы жаңалықтар