Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82 пайызды құрайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82 пайызды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия жне инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82 пайызды құрайды. Бұл - Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазақстан Дания мен Польша сияқты Еуропалық одақ елдерімен бір деңгейде тұр. Қауіпсіздік деңгейінің үздіксіз өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы еуропалық модель негізінде азаматтық авиация жүйесі түбегейлі реформаланды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылды. Оған заңнамалық деңгейде азаматтық авиация саласындағы бақылау-қадағалау функциялары берілді. Осы ұйым құрылған сәттен бастап 934 тексеру және сертификаттау жүргізіліп, ұшуды орындау үшін 1 500-ге жуық рұқсат ету құжаттары берілді», - деді Марат Қарабаев.

Оның атап өтуінше, сертификаттық талаптарға сәйкес келмейтін, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірген 7 әуе компаниясының пайдаланушы сертификаттарының күші жойылды немесе кері қайтарылды. Сондай-ақ 7 әуежайдың ұшу-қону жолағын пайдалану уақытша тоқтатылды.

«Бүгінгі күні Азаматтық авиацияның мемлекеттік тізілімінде 915 әуе кемесі бар. Өз қызметін 55 қазақстандық пайдаланушы жүзеге асыруда. Тұрақты жолаушылар тасымалына 5 әуе компаниясының 90 ұшағы тартылған. Жаңа модель енгізілген сәттен бастап оқиғалар санының төмендеуі байқалады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар