Қазақстанның Үшінші жаңғыруы Еуроодақ үшін геосаяси мәнге ие - Еуропарламент депутаты

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Үшінші жаңғыруы Еуроодақ үшін геосаяси мәнге ие. 

Брюссельде «Қазақстанның жаңғыруы: ЕО рөлі қандай?» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Еуропа Парламентінің депутаты, Еуропа Парламентінің шетел мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі Андрейс Мамыкинс осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Дөңгелек үстелде А. Мамыкинс Қазақстанның Үшінші жаңғыруы туралы айта келе, аталмыш бағдарламаны «ертеңгі күннің сын-тегеуріндерін шешудің кілті» деп атады.

Спикер өзінің сөзінде Қазақстан Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының төртінші басымдығы адам капиталын дамыту мәселесіне назар аударды.

«Айта кететін мәселе, жаңғыру шаралары қоғамның мүддесіне қызмет етіп, ешкімнің да қоғамдағы үдерістерден тыс қалмауына ықпал етті. Бұл ретте әңгіме Қазақстанның ауылдық аймақтарында өмір сүріп жатқан әйелдер, балалар, қарттар мен өзге де әлеуметтік жағынан әлсіз топтар туралы болып отыр. Егер жаңғырту жұмыстары талапқа сай жүзеге асырылмаса ел халқының ата-баба дәстүрі мен тарихи теңдігін жоғалту қаупі бар»,-деді депутат.

Оның пікірінше, жаңғырту үдерісі Қазақстанның ішкі шаруасы, Ал Еуроодақ бұған алдыңғы қатарлы тәжірибе арқылы қолғабыс ете алады. «Біз үшін жаңғырту шараларының ел тұрғындары арасында кеңінен көрініс тапқанын білу маңызды. Бұл шаралар ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы алшақтықты жоюы тиіс»,-деді А.Мамыкинс.

Депутаттың пікірінше, 2015 жылы 21 желтоқсанда Астанада қол қойылған ҚР және ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім Қазақстанның Еуроодақпен ынтымақтастықты нығайтуына серпін береді.

«Қазақстанның болашақтағы жаңғыруы ЕО үшін геосаяси және стратегиялық мәнге ие. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1904 жылы Хэлфорд Маккиндер Қазақстанды «Хартлендтің» (Жердің жүрегі-ред.) бір бөлігі ретінде сипаттаған болатын. Қазіргі кезде Қазақстан Орталық Азияның «Хартлендіне» айналды әрі әлеуетін арттыру мүмкіндігіне ие», - дейді ЕП депутаты.

Айта кетейік, «Қазақстанның жаңғыруы: ЕО рөлі қандай?» тақырыбындағы дөңгелек үстелді Еуропаның танымал журналы EurActiv ұйымдастырды. Шараға ЕП депутаттары, Еуропа комиссиясы және Еуропа сыртқы істер қызметінің шенеуніктері, дипломатиялық, парламенттік корпустардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер қатысты.

Соңғы жаңалықтар