Қазақстанның үш қаласынан Мысырға әуе жолдары ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның үш қаласынан Мысырға чартерлік рейстер ашылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шілде айынан бастап қазақстандық туристер Астана, Алматы және Атырау қалаларынан Мысырдың Шарм эль-Шейх курорттық қаласына қолжетімді бағамен ұша алады. 

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасындағы Египет елшісі Хайсам Салах Камель Ибрагимнің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Мысыр сапарының қазақстандық туристерге тиімді тұстары талқыланды. 

«Шарм-эль-Шейх қаласындағы қонақ үйлердің 90 пайызы балаларды тегін орналастырады, бұл қазақстандық жанұялар үшін аса маңызды. Тағы бір атап өтер жайт, жаңа рейс арқылы туристердің қаражаты айтарлықтай үнемделеді, себебі биыл Шарм-эль-Шейх әуежайы туристік рейстерге арнайы төмендетілген тариф енгізді, осы арқылы билет құны едәуір төмендемек. Сондай-ақ аталған курортты аймаққа баратын жолаушылар Мысыр аумағына визасыз кіре алады. Осылайша, қазақстандық туристер үшін сервисі дамыған бес жұлдызды қонақ үйдегі 10 күндік демалыс шамамен 200 мың теңгені құрайды», - деді «KAZUNION» туристік операторы компаниясының директоры Қуаныш Байтұрсынов.

Туристік оператор өкілдері келтірген деректерге сүйенсек, наурыз айында 5 мыңнан астам қазақстандық турист Мысырға барған. Қазіргі уақытта чартерлік рейстер арқылы ай сайын 3-4 мыңға жуық қазақстандық Шарм-эль-Шейхке сапарлайды деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар