Қазақстанның ұлттық парктерінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдай жасалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьернияның кездесуі барысында мүгедектігі бар адамдар үшін ұлттық парктердегі қолжетімділікті кеңейтетін өтінішке қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар 2021-2023 жылдарға арналған «Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік қорғау және белсендіру бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» атты бірлескен жобасы шеңберіндегі ынтымақтастықты талқылады.

Тамара Дүйсенова Вавьерниа Катаржинаны БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілі болып тағайындалуымен құттықтап, көпжылдық сындарлы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Бірнеше жыл бойы БҰҰДБ-ның қатысуымен және қолдауымен министрлік кедейлік проблемаларын шешуге, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге және арнаулы әлеуметтік қызметтерді енгізуге бағытталған 4 ірі бірлескен жобаны іске асырды.

Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі –мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау. БҰҰДБ қолдауымен БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясының нормаларын ратификациялау және имплементациялау, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру, әлеуметтік қызметтер порталын әзірлеу және енгізу және басқа да көптеген бастамалар бойынша жұмыстар жүргізілді.

Осы жылдың 26 сәуірінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттаманы ратификациялау бойынша заң жобасы қабылданды», - деді министр.

Сондай-ақ, министр 2021-2023 жылдарға арналған «Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік қорғау және белсендіру бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» бірлескен жобасын іске асырудың және БҰҰДБ-мен Отбасының цифрлық картасы және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобаларын әзірлеу бойынша белсенді ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы енгізілді, ол қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді және әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы болады.

Осы жылғы 20 сәуірде Мемлекет басшысы жаңа Әлеуметтік кодекске қол қойды, оның негізгі міндеті азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірыңғай құқықтық негіз құру болып табылады», - деді Тамара Дүйсенова.

Өз кезегінде, Катаржина Вавьерниа бірлесіп іске асырылып жатқан жобалардың нәтижелілігін атап өтіп, одан әрі жемісті екіжақты ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

Кездесу соңында Тамара Дүйсенова Еңбекмині, Экология министрлігі және БҰҰДБ арасындағы Мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық парктердің туристік қызметін дамытудағы инклюзивті тәсілдерді ілгерілету жөніндегі ынтымақтастық ниеттері туралы үшжақты мәлімдемеге қол қойды. Оны іске асыру арқылы Қазақстанның ұлттық саябақтарында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділік кеңейеді.


Соңғы жаңалықтар