Қазақстанның Ұлттық банкі ақша-кредит саясатын одан әрі күшейтуі мүмкін - ХВҚ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Қазақстан бойынша миссия басшысы Николя Бланшенің (Nicolas Blancher) Қазақстандағы экономикалық өсімді қамтамасыз ету шарттары мен факторлары және Қазақстан Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты туралы негізгі тезистерін ұсынады.

Орталық банктердің әлемдегі инфляциялық қысымға әсері және Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясатын күшейтуі туралы

Әл бермей тұрған инфляциялық қысымға жауап ретінде бүкіл әлемдегі орталық банктер бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ақша-кредит саясатын күшейтуге тырысып келеді. Қазақстанда базалық мөлшерлеменің артуы инфляциялық спиральды «таратпауға» және ұлттық валютаның айырбас бағамының төмендеуіне, долларланудың өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. Инфляцияны мақсатты деңгейге қайтарып, инфляциялық күтулерді бекіту үшін мұндай шешімдердің экономикалық белсенділікті бәсеңдететініне қарамастан, Қазақстан Ұлттық банкіне ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту қажет болуы мүмкін.

Баға тұрақтылығы – бұл макроэкономикалық тұрақтылықтың, орнықты экономикалық өсудің және халықтың кең көлемінің өмір сүру деңгейін сақтаудың шарты. Инфляцияны, керісінше, кедейлерге салынатын салық деп атайды.

Қазақстандағы инфляциялық таргеттеу тәртібі туралы

Қазақстан инфляциялық таргеттеу режиміне көшуде белгілі бір табыстарға қол жеткізді. Бұл режимде орталық банктің мақсатты көрсеткіші экономикалық өсу, ақша массасы немесе валюта бағамы емес, инфляция деңгейі болып табылады. Осылайша, Қазақстан Ұлттық банкі елдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударып отыр, бұл 2015 жылдан бастап икемді айырбас бағамымен бірге елге инфляциялық күтулермен жұмыс істеуге және сыртқы экономикалық күйзелістерді бәсеңдетуге көмектеседі. Бұл ретте инфляциялық таргеттеу режиміне көшу әлі аяқталған жоқ: экономиканы одан әрі әртараптандыру, долларландыруды төмендету және сыртқы экономикалық күйзеліс жағдайында экономиканың реактивтілігін шектеу қажет. Айтарлықтай ұзақ мерзімді әлеует бар және Қазақстан Ұлттық банкінің 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясатының Стратегиясында осы проблемалардың бірқатары үшін кешенді шешімдер көзделеді.

Қазақстан Ұлттық банкіне экономиканың өсімі бойынша қосымша мандат беру идеясы туралы

Николас Бланшенің пікірінше, Ұлттық банк үшін оның тәуелсіздігіне «көлеңке түсіретін» қосымша өкілеттіктер туралы аса сақтықпен айту керек. Бағаның өсуі жағдайында бірнеше мақсатты көздеу – ақша-кредит саясатының тиімділігін де, рөлін де төмендету деген сөз.

Керісінше, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан Ұлттық банкінің бір ғана мақсатқа басымдық беруі жөн. Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламаларына қатысу және басқа да фискалдық сипаттағы қызмет сияқты негізгі емес қызмет түрлерін кезең-кезеңімен тоқтату қазірдің өзінде ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға және орталық банктің тәуелсіздігі мен оған деген халықтың сенімін арттыруға ықпал етеді.

Қазақстанда экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қажет шарттар мен факторлар туралы

Әлемдегі ахуал секілді Қазақстанда да қазіргі экономикалық жағдай көптеген күйзелістерге ұшырады, оның ішінде COVID-19 пандемиясының ықпалы, жеткізу тізбегіндегі іркілістер және Украинадағы соғыс, Ресейге қарсы санкциялар бар. Осы проблемаларды еңсеруге көптеген мемлекеттік органдар қатысады, олардың мүддесіне халықтың осал топтарын қорғау, ұзақ мерзімді даму, әлеуметтік саясат жатады.

Фискалдық саясат шаралары, теория бойынша, ішкі сұраныс пен экономикалық өсуді қолдау үшін, әсіресе, жоғары инфляция ақша массасының өсу мүмкіндігін шектейтін кезеңдерде қолданылуы мүмкін. Қазақстандағы жағдай да осындай, онда мемлекеттік шығындар мұнайдан түсетін кірістердің көбею есебінен өсе түсуі мүмкін. Әрине, бұл жағдайда фискалдық саясат экономиканы қолдау, фискалдық және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі керек. Ұзақ мерзімді перспективада құрылымдық реформалар экономиканың өсімі үшін маңызды және бұл, әрине, қазір мемлекет экономикада басым рөл атқаратын Қазақстанға да қатысты. Бизнес климатты жақсарту, нарықтық экономикаға көшуді жалғастыру, әртараптандыруды арттыру және жеке секторда жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Бұл тұрғыда Қазақстанда орталық банктің негізгі мандатын баға тұрақтылығының кепілі ретінде қайта қарауға болмайды. Қазақстан Ұлттық банкі, егер ол үшін нақты өкілеттіктер нақтыланып, қоғамның сенім деңгейі жоғары болса, сондай-ақ инфляциялық күтулерді үйлестіре алатын болса, нәтижелерге қол жеткізуі ықтимал.


Соңғы жаңалықтар