Қазақстанның ҰҚШҰ аясында шешілмеген мәселесі жоқ - Жәнібек Иманәлиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін әдеттегідей мазмұнды жыл болды. Еліміздің халықаралық жетекші әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастығы дами түсіп, экономикалық дипломатиясының да қарқыны артты. Өңірдегі және тұтастай алғанда халықаралық аренадағы беделі нығая түсті. Сонымен бірге Астананың сыртқы саясатының жоғары белсенділігі көпжақты ынтымақтастықтың маңызды алаңдарында ерекше назарға ілікті. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде көрнекті және тиімді төрағалығымен есте қалды. Ал өңірлік деңгейде Қазақстанның сыртқы саясатының аса маңызды бағыты Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының аясындағы қызметі екендігі сөзсіз. Айта кетерлігі, өткен жылдың қарашасынан бері Қазақстан бұл ұйымға төрағалық етуде.

Осыған орай ҰҚШҰ-дағы төрағалық кезеңіндегі Қазақстанның басымдықтары, Ұйымды дамытудың ағымдағы нәтижелері және перспективалары туралы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жанындағы Тұрақты кеңестегі Қазақстан Республикасының Өкілетті өкілі Жәнібек Иманәлиевті сұхбатқа тартқан едік.

- Жәнібек Абдуләкімұлы, өткен жылы ҰҚШҰ өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Сол кезде Ұйымға төрағалық Қазақстанға ауысты және Елбасымыз еліміздің төрағалық кезеңіндегі басымдықтарын мәлімдеген еді. Содан бергі жарты жылдың ішінде бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?

- Шынында да 2017 жыл ҰҚШҰ үшін мерейтойлық екі оқиғамен - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың жасалуының 25 жылдығымен және Ұйымның өзінің 15 жылдығымен есте қалды. Осы межелі кезеңде Қазақстанның ҰҚШҰ-ның барлық жарғылық органдарына төрағалық эстафетасын қабылдауы құрметке лайықты. Өткен жылдың қарашасындағы мерейтойлық саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы ҰҚШҰ-дағы еліміздің қызметінің бес басым бағытын ұсынды және бұл бағыттар бүгінде осы ұйым дамуының магистралды бағыттарына айналды.

Олар - ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери саладағы өзара іс-қимылы құралдарын кеңейту, практикалық әскери-техникалық ынтымақтастықты ұйымдастыру, терроризмге қарсы іс-қимылдың халықаралық жаһандық жүйесін қалыптастыруға ҰҚШҰ-ның қатысуы, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздік қатерлеріне ден қоюының бірлескен шаралары, есірткілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру.

Айталық, ҰҚШҰ Біріккен штабының таяуда аяқталған реформасы әскери саладағы ынтымақтастықты қарқынды етуге ықпал етеді. Бүгінде осы жұмыс органы Ұйымға кіретін барлық елдердің ұлттық мүдделерін барынша ескеретін жаңа құрылымға ие болды.

Біз белсенді түрде ілгерілеткен реформаның нәтижесінде қазір Қазақстанға ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының орынбасары сынды маңызды позициясы бекітілді. Осы жылдың басында аталған жауапты учаскеге қазақстандық көрнекті әскери ұшқыш, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов жіберілді. Тұтастай алғанда, әскери қызметшілердің квоталық лауазымдарын 5-тен 8-ге дейін арттыру арқылы Қазақстан ҰҚШҰ Біріккен штабындағы өз қатысуын ұлғайтты.

ҰҚШҰ әскери әлеуетінің тұрақты түрде жетілдірілетінін ерекше атап өткім келеді. Әскери даярлықты арттыру және ҰҚШҰ күштері мен құралдарының жауынгерлік реттілігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын оқу-жаттығулар өткізіледі. 2004 жылдан бастап ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында әртүрлі ауқымдағы 40 астам оқу-жаттығу, жедел жиындар мен далалық жаттығулар өткізілді.

Бұл ретте жыл сайын бірлескен оқу-жаттығуларды ұйымдастырудың тәсілдемелері жетілдіріліп отырады. Ағымдағы жылы «Жауынгерлік бауырластық-2018» атты ауқымды жедел-стратегиялық оқу-жаттығу өткізу жоспарлануда. Ол оқу-жаттығулар сериясын бірыңғай ұғымға біріктіреді. Мәселен, барлау күштері мен құралдарының, Жедел ден қою ұжымдық күштерінің және Бітімгершілік күштердің қатысуымен бірқатар маневрлер өткізу болжануда. Жаңа форматтағы ұжымдық авиациялық күштерді пайдалану осы маневрлердің ерекше белгісіне айналады. «Әуе көпірі» деген шартты атауы бар осы оқу-жаттығу алғаш рет өткізілмек.

Қазақстанның келесі басымдығы - әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту ауқымында қару-жарақ пен әскери техникаға, соның ішінде әуе қорғанысы құралдары мен авиациялық техникаға сервистік және техникалық қызмет көрсетудің өңірлік орталықтарын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қорғаныстық кәсіпорындардың кооперациясын дамыту, ҰҚШҰ елдерінің мемлекеттік тапсырыстары аясында әскери және қосарлы мақсаттағы өнімдерді өзара беру проблемаларына ерекше назар аударылады. Осы маңызды мәселелер ағымдағы жылғы қыркүйекте Алматыда өтетін ҰҚШҰ Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның отырысында қаралады.

null- ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастығының дамуын қалай бағалайсыз?

- Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалығын жүзеге асыра отырып, терроризмге қарсы жаһандық іс-қимылдың халықаралық жүйесін қалыптастыру процесінде Ұйымға қатысуын нығайту үшін айтарлықтай күш-жігер жұмсайды. Бұл біздің үшінші басымдық. Айталық, өткен жылы ҰҚШҰ аясында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ және басқа да ұйымдар сияқты халықаралық бейіндік құрылымдар басшыларының қатысуымен халықаралық конференция өткізілді. Ағымдағы жылғы қазанда осы тақырып бойынша келесі халықаралық іс-шара жоспарланып отыр.

ҰҚШҰ-ның халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығын тереңдету терроризмге қарсы іс-қимылдың жаһандық жүйесін құру мәселелеріндегі практикалық қадамға айналды. 2016 жылдан бері ҰҚШҰ Хатшылығы мен БҰҰ Контртеррористік комитетінің Атқарушы директораты арасында жасалған Өзара түсіністік туралы меморандумның ережелері іске асырылуда. Жақын перспективада БҰҰ-ның Контртерроризм жөніндегі басқармасымен ынтымақтастықты кеңейту жоспарлануда. Осы жылдың мамырында ҰҚШҰ Хатшылығы, ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитеті және ТМД Антитеррористік орталығы арасында Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Бұдан басқа, Ұйым аясында терроризмге қарсы күрес жөніндегі бірқатар практикалық құжат қабылданды. Террористік ұйымдардың бірыңғай тізімін қалыптастыру туралы ереже солардың бірі. Мұндай тізімге ұқсас құжат әзірше бірде-бір халықаралық құрылымда жоқ. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде әріптестермен бірлесе отырып, оны қалыптастыру жөніндегі жұмыстың негізгі көлемін аяқтаймыз деп үміттенеміз.

Тұтастай алғанда, ҰҚШҰ аясында терроризмге қарсы іс-қимылда ақпарат саласында терроризмді насихаттаудың жолын кесуден бастап, Ұйым елдері азаматтарын қылмыстық мақсаттарда шетелге тарту және олардың шетелге шығу арналарын анықтауға дейінгі кешенді тәсілдеме қолданылады. Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ортақ күш-жігерді үйлестіру үшін ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары комитеті жанында Терроризмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сарапшылардың арнайы жұмыс тобы әрекет етеді.

- ҰҚШҰ аясында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және есірткілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы өзара әрекет қаншалықты тиімді?

- Еліміздің төрағалығымен ҰҚШҰ форматында киберқауіпсіздік саласындағы сын-тегеуріндерге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс күшейтілуде. Атап айтқанда, Қазақстан ҰҚШҰ-ға  мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына бағытталған компьютерлік шабуылдарды бейтараптандыру бойынша ұжымдық шаралар әзірлеу, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы декларацияланбаған мүмкіндіктерді зерттеу әдістері бойынша тәжірибе алмасу үшін ұйымның диалогтық алаңдарын кеңірек пайдалану қажеттігі туралы міндет қойып отыр. Осы мақсаттарда компьютерлік шабуылдарды бейтараптандыру бойынша бірлескен іс-шаралар тұрақты өткізіліп, өзекті сын-тегеуріндер мен қауіптерге мониторинг жүргізіледі. Тиісті ақпаратпен алмасу арналары да жолға қойылған.

ҰҚШҰ-ның Консультациялық үйлестіру орталығы компьютерлік оқиғаларға ден қоюдың маңызды ұжымдық механизмі саналады. Осы алаңда тіркелген шабуылдар, бүлдіру әрекеттерін уақтылы анықтау мен жолын кесудің пайдаланылатын әдістемелері туралы мәліметтер алмасу жүреді. Қазақстан осы жұмысқа белсене қатысады. Мысалы, ағымдағы жылғы 19-20 шілдеде Астанада осы орталықтың көшпелі отырысы өткізілді.

2009 жылдан бастап ҰҚШҰ форматында ақпараттық ортадағы қылмыстық әрекеттерге қарсы іс-қимылға бағытталған «ПРОКСИ» операциясы жүргізіледі. Бұл операцияның мақсаты - интернетте терроризм, экстремизм, есірткілердің заңсыз айналымы идеяларын тарату, діни, ұлттық араздықты қоздыру, қаржылық алаяқтыққа жәрдемдесу үшін пайдалануға жол бермеу.

Өткен жылдың өзінде ғана «ПРОКСИ» операциясының қорытындысы бойынша ұжымдық қауіпсіздікке қатер төндіретін 23 мыңнан астам ақпараттық ресурс анықталды. Оның 20 мыңнан астамы бұғатталды. Ағымдағы жылы да «ПРОКСИ» операциясының ауқымындағы жұмыс белсенді түрде жалғасады.

ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың есірткіге қарсы бағытында субөңірлік есірткіге қарсы операцияларға ерекше назар аударылады. Мәселен, 2017 жылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері арнайы қатысатын «Арна» операциясы барысында 20 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында есірткіге қарсы «Арна-Кордон» операциясы өткізілді. Кеден және шекара қызметтері өкілдерінің қатысуымен Қазақстан мен Қырғызстан кинологиялық қызметтері алғаш өткізген халықаралық оқу-жаттығуы осы іс-шараның ерекшелігіне айналды. Тұтастай алғанда, барлық белгіленген мәселелер Қазақстан өкілдігінің тұрақты назарында болатынын атап өткім келеді.

- Таяуда Қазақстанда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің, қорғаныс ведомстволары басшылары мен Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесулері болып өтті. Осы отырыстардың негізгі қорытындыларын атап өтсеңіз.

- Иә, үш кездесу де Қазақстанда өтті. Атап айтсақ, мамырда Қорғаныс министрлері мен Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары Астанада жиналса,  маусымда Алматыда ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өткізілді.

Жеке-жеке тоқталар болсам, Қорғаныс министрлері жұмысының барысында дәстүрлі түрде коалициялық әскери құрылысты одан әрі жетілдіру, ҰҚШҰ Ұжымдық күштерін дайындау мәселелері талқыланды. Талқылау қорытындысында практикалық 10 құжатқа қол қойылды. Қорғаныс ведомстволарының басшылары өңірдегі және жекелеген шиеленісті аймақтардағы жедел жағдай жөніндегі пікірлермен және ақпаратпен алмасты, шифрлы байланысты ұйымдастыру және әскери кадрларды даярлау тәсілдемелерін келісті, ҰҚШҰ әуе қорғанысының біріккен жүйесін құру мәселелерін талқылады.

Ал Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысына қатысушылар ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағындағы жағдайға теріс әсер ететін осы заманғы сын-тегеуріндер мен қауіптердің кең спектрін талқылады. Бұдан басқа, Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары келісілді. Ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы сын-тегеуріндерге қарсы іс-қимыл, ҰҚШҰ-ны танымал ету мәселелері, Ұйымның аясында ақпараттық-талдау жұмысын нығайтудың әртүрлі аспектілері сияқты маңызды бағыттар оның негізіне енгізілді.

11 маусымда Алматыда ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сыртқы саяси ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың күшіне енуінің 30 жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Ауғанстандағы және Сириядағы ахуалды дамыту бойынша пікір алмасу болды. Бұл ретте ҰҚШҰ елдерінің министрлері Сириядағы жағдайды тұрақтандыру ісіндегі Астана процесінің рөлін ерекше атап көрсетті. Алматыдағы кездесуде ҰҚШҰ-ның құқықтық мәртебесі туралы келісім хаттамасының жобасы келісілді. Оған сәйкес ҰҚШҰ Хатшылығына басқа тараптардан жіберілетін ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасарлары Вена конвенциясына сәйкес келетін дипломатиялық иммунитеттердің бүкіл қажетті көлемін алады.

Тұтастай алғанда, Астанадағы және Алматыдағы кездесулерде бірінші жартыжылдық ішіндегі бірлескен жұмыстың алдын ала нәтижелері қорытындыланды. Қазақстан басымдықтарының іске асырылуына жалпы шолу жасалды. Осы ретте елімізге келген барлық делегациялардың сындарлы көңіл-күйін айрықша атап өткім келеді. Бірнеше елдің мүддесі тоғысатын көпжақты дипломатияда барлығы үшін қолайлы шешім табудың әрдайым оңай бола бермейтіні белгілі. Алайда, Астана мен Алматыдағы кездесулер ашық, сенімгерлік ахуалда өтті. Қорытындысында отырыстарға қатысушылар келісілген шешімдер қабылдады, оларда барлық тараптардың, әрине Қазақстанның да мүдделері толық ескерілді. Осылайша, бізде іс жүзінде ҰҚШҰ аясында шешілмеген мәселе қалмады.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен Астанада өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қарашаға жоспарланған сессиясы Ұйымның ағымдағы жылғы басты іс-шарасына айналады. Онда Мемлекет басшылары ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдың түйінді мәселелерін талқылап, халықаралық күнтәртібінің барынша өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады, бірқатар практикалық құжаттарды мақұлдайды деп жоспарлануда.

Осылайша, ҰҚШҰ-ның күзгі саммиті Қазақстан төрағалығының шарықтау шегіне айналады. Онда бірлескен жұмыстың басты қорытындылары шығарылып, Ұйымның қысқа мерзімдегі жоспарлары мен стратегиялық бағдарлары белгіленеді.

- Ұйым төрағалығы Қазақстанға ауысқан сәттен бастап сіз ҰҚШҰ Тұрақты кеңесінің төрағасысыз. Осы органның рөлі неде, қандай міндеттерді орындайды?

- Тұрақты кеңес бұл ҰҚШҰ-ның үйлестіруші органы, оның құрамына Президенттер тағайындайтын және өз мемлекеттерін білдіретін Ұйым елдерінің тұрақты және өкілетті өкілдері кіреді. Тұрақты кеңес саммиттердің арасындағы кезеңде Ұйымдағы ынтымақтастық мәселелерімен айналысады.

Тұрақты кеңестің тағы бір маңызды функциясы - ҰҚШҰ органдары қабылдайтын шешімдердің іске асырылуын қамтамасыз ету. Өзара іс-қимылдың нақ осы деңгейінде күнделікті, практикалық жұмыс жүргізіліп, құжаттардың жобалары пысықталады. Жоғары тұрған органдар отырыстарының күн тәртібі жасалады, өзара тиімді шешімдерді іздестіру  жүргізіледі. Сайып келгенде ҰҚШҰ-да қаралатын барлық мәселелер Тұрақты кеңес арқылы өтеді.

Басқа да жоғары тұрған жарғылық органдар сияқты ҰҚШҰ Тұрақты кеңесі жұмысының басты қағидаты ол - консенсус. Яғни, барлық мемлекеттердің келісімінсіз Ұйымның бір де бір шешімі қабылданбайды. Бұл барлық тараптардың ұлттық мүдделерінің сақталуына кепілдік беретін аса маңызды аспект.

Тұрақты кеңестің отырыстары әдетте Мәскеудегі ҰҚШҰ Хатшылығында жүйелі түрде өткізіледі. Жоғары тұрған органдардың отырыстарына дайындық кезеңінде Тұрақты кеңес апта сайын жиналады, кейде күнделікті жұмысқа көшеді. Оның отырыстарына әртүрлі сарапшылар, басқа елдер мен халықаралық ұйымдардың  өкілдері шақырылуы мүмкін. Дағдарыстық ахуал туындаған жағдайда шұғыл отырыстар өткізілуі мүмкін.

2017 жылғы қарашадан бастап Тұрақты кеңестің, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның басқа да органдарының отырыстары Қазақстан тарапының төрағалығымен өткізіледі. Ағымдағы жылы 23 отырыс өткізілді. ҰҚШҰ Тұрақты кеңесі төрағасының рөлі ҰҚШҰ Бас хатшысымен өзара іс-қимылда жүргізілетін Тұрақты кеңес қызметін сапалы және тиімді ұйымдастырудан тұрады.

Төрағаның маңызды рөлі елдердің тұрақты өкілдерінің арасында тиісті жұмыс ахуалын жасау ісінен де көрінеді. Бұл тұрғыдан алғанда бүгінде Тұрақты кеңес аясында сенімгерлік және сындарлы өзара қарым-қатынас қалыптасқанын, талқыланатын барлық мәселелер бойынша іс жүзінде әрқашан ымыралы шешім табудың сәті түсетінін атап өткім келеді.

Осылайша, Қазақстан ҰҚШҰ аясында барлық деңгейлерде өзінің ұлттық мүдделерін белсенді түрде ілгерілетеді, әріптестерімен бірлесіп ұжымдық қауіпсіздікті дамыту және нығайту үшін дәйекті түрде жұмыс істейді. ҰҚШҰ-ның басқа халықаралық ұйымдармен және қауіпсіздік саласындағы құрылымдармен байланыстарын тереңдетуге ықпал етеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар