Қазақстанның Түркиядағы гуманитарлық жұмысы қалай жүргізілді

None
ГАЗИАНТЕП. ҚазАқпарат – 6 ақпан күні Түркияда эпицентрі Кахраманмараш провинциясының Пазарджик ауданында 7 баллдан асатын екі жер сілкінісі болды. Одан кейінгі жүздеген дүмпулер елдің 11 провинциясында және Сирия секілді көрші мемлекеттерде де сезілді. Сарапшылардың пікірінше, бұл аймақта зілзаладан кейінгі дүмпулер тағы алты ай бойы жалғасады. Осы ретте Қазақстан бауырлас мемлекетке дер кезінде елеулі көмек көрсете алды. Бұл жөнінде ҚазАқпараттың Түркиядағы меншікті тілшісі егжей-тегжейлі шолу әзірледі.

Әлемді дүр сілкіндірген оқиға

Түркияның оңтүстік-шығысындағы және Сириядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 50 мыңнан асты.

Түркиядағы жойқын жер сілкіністерінен қираған үйінділерді қазуға 88 елден 11 мыңға жуық құтқарушы келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Түркия Республикасына дер кезінде гуманитарлық көмек көрсетті.

Апат аймағына жіберілген гуманитарлық жүкте жалпы салмағы 55 тонна болатын жылы киімдер, шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттар бар.

Қазақстан бұл көмекті «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясының арнайы бортымен және түрік жүк тасымалдарының әуе көлігімен Түркияның Газиантеп және Адана қалаларына жеткізді.

Әрі қарай гуманитарлық мақсаттағы заттар Газиантеп қаласының әуежайынан және Инжирлик әскери авиабазасынан зілзаладан ең көп зардап шеккен аймақтарға жіберілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Түркияға жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға қаржылай көмек аударды. 2023 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Үкіметі Түркияға гуманитарлық көмек ретінде 1 миллион доллар бөлу туралы қаулы қабылдады.

Одан бөлек, апат аймағындағы тұрғындарды іздестіру және жедел-құтқару жұмыстары үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркияға аттанды.

Қазақстан ең үздік мамандарын жіберді

Қазақстандық құтқарушылар 7-19 ақпан аралығында Түркияның үш провинциясында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді: Нұрдағы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында тұрғындарды үйінді астынан құтқарды.

Бұл ретте Кахраманмараш провинциясына гуманитарлық көмек үздіксіз жеткізіліп тұрды.

Апат аймақтарында жалпы саны 100-ден астам қазақстандық маман жұмыс істеді. Жедел топ құрамына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының мамандары, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері кірді.

Іздестіру-құтқару жұмыстары ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі генерал-майор Ибрагим Күлшімбаевтың жетекшілігімен жүргізілді.

Вице-министр атап өткендей, апат аймағындағы күрделі жағдайларға қарамастан, құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Қойылған міндеттер қауіпсіздік техникасын бұзбай, толық көлемде орындалды.

«ТЖ аймағында қираған учаскелерде қаза тапқан тұрғындар көп болды, оларды туыстары мен жақындарынның жоқтауы да ауыр психоэмоционалды жүктеме артатыны анық. Іздеу және апаттық-құтқару жұмыстары афтершок кезінде де үздіксіз және тұрақты жүргізілді. Бұл қирағалы тұрған үйлерді құлатуы да мүмкін еді. Алайда, біздің мамандар жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағымсыз салдарды ескерді. Қазақстанның Түркиядағы гуманитарлық миссиясы табысты жүзеге асырылды деп сеніммен айтуға болады», - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Іздестіру-құтқару шаралары кезінде 15-18 адамнан құралған топтардың тығыз жұмысы арқылы үйінді астынан 7 адам құтқарылды және 88 адамның мәйіті алынды.

Сонымен қатар, 200-ден астам жергілікті тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді, оның ішінде 30-ы – әртүрлі жастағы балалар.

Бұл жұмыс тәулік бойы үш ауысымда жүргізілді.

Айта кеткен жөн, 8 ақпанда Хатай провинциясының Антакия қаласында Түркия ТЖМ іздеу жұмыстарының нәтижесінде үйінді астынан Қазақстан азаматы Сәбина Мамадиярова аман құтқарылды. Ол жедел түрде Адана қаласындағы Джейхан ауруханасына жеткізілді және онда зақымдалған қолына операция жасалды.

Өкінішке қарай, 9 ақпанда Қазақстан азаматтары – Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашев үйінді арасынан өлі табылды. Кейін 10 ақпанда тағы бір Қазақстан азаматы Жанар Жақсыбекованың денесі табылды.

Қазақстандық құтқарушылардың зардап шеккендерді іздеу және тығырықтан шығару жұмысында плиталарды көтеруге, арматураны кесуге, жабындарды ашуға, тиеуге және тазартуға арналған арнайы техника мен құралдар пайдаланылды.

Біздің құтқарушыларымыз құлаған қабырға мен арнайы қазылған соқпақ жолдар арқылы электр қуатын жүргізіп, ауыз сумен қамтамасыз етті. Акустикалық іздеу құралы мен алты кинологиялық топ іздеу-құтқару жұмыстарын едәуір жеңілдетті.

Сондай-ақ, үйіндіні қазу аудандарына жақын жерде далалық госпиталь ашылды. Дәл сол жерде жергілікті тұрғындарға алғашқы көмек пен психологиялық қолдау көрсетілді. Кейбір азаматтар жай ғана жылынып, су ішуге де келетін.

ҚР ТЖМ құтқарушылары Түркия мен Сауд Арабиясының құтқарушыларымен бірлесіп жұмыс істеді. Жедел ынтымақтастық зардап шеккендерді іздеу және жинау жұмыстарында жүргізілді. Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелері Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қызметкерлерінің толық қатысуымен ұйымдастырылды.

Құтқару бөлімшелері арасындағы тілдік кедергі аудармашы ретінде ерікті болған Түркия ЖОО-ларында оқитын қазақстандық студенттер көмегімен еңсерілді.

Құтқару операцияларының қорытындысы бойынша ел азаматтары, Түркияның табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) құтқарушылары және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан құтқарушыларына кәсібилігі, жеделдігі мен жанқиярлығы үшін алғыс білдірді.

Олардың дайындығының жоғары деңгейі, тәртібі мен жеке батылдығы айрықша аталды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркиядағы зілзала салдарын жоюға қатысқан қазақстандық құтқарушылардың елге оралған соң марапатталатынын айтты.

Бауырластық қолдау

Отандық құтқарушылар алдыңғы шепте жұмыс істеп жүргенде Қазақстанда бей-жай қарамайтын азаматтар гуманитарлық және материалдық көмек жинады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар Ұлттық еріктілер желісі арқылы 100 миллион теңге жинады.

Сондай-ақ, зардап шеккен аймақтарда баспанасыз қалған адамдарға 150-ге жуық киіз үй жіберді. Түркияда зардап шеккендерге кәсіпкерлер, блогерлер, еріктілер, журналистер, қоғам қайраткерлері және басқалар көмек көрсетуде.

Этномәдени орталықтар 125 миллион теңге жинап, өз үлесін қосты. Аталған бірлестіктердің қолдауымен Түркияға 50 миллион теңгеге қажетті заттар жіберілген.

Сондай-ақ, қазақстандықтарға ыңғайлы болу үшін Kaspi қосымшасында тікелей Ұлттық еріктілер желісіне немесе түркиялық AFAD қорына жіберу мүмкіндігі пайда болды.

Айта кетейік, Қазақстандағы Түркия елшілігі AFAD қорына қазақстандықтар шамамен 3 миллион доллар жібергенін хабарлады.

Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық миссиясы, сол жерде тұратын Қазақстан азаматтары мен студенттері, сондай-ақ қазақ диаспорасы да көмектен тыс қалмады.

Олар зардап шеккен аймақтарға алғашқы күндері-ақ шамамен 160 000 доллар жинап берді.

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи Астанада өткен брифингте сөйлеген сөзінде қазақстандықтардың жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көмектесу үшін 5 млн доллар жинағанын айтты.

«Өзге де көмекпен қатар Қазақстан тұрғындары ақшалай да қолдау көрсетті. Жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін арнайы ашылған ресми шотқа шамамен 5 миллион доллар түсті», - деді Уфук Экиджи.

Елші барша қазақстандықтарға алғысын білдіріп, Қазақстан Үкіметі 1 млн доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсеткенін еске салды.

Ол қазір Түркияда ғимараттарға келтірілген зиянды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

«Бүгінге дейін 1 млн 188 мыңға жуық ғимарат зерттелді. Оның ішінде 156 мың ғимарат қираған немесе құлау қауіпінің алдында тұр», - деп мәлім етті елші.

Бұл ретте зілзаладан зардап шеккен 1 млн 684 мың түркиялықтың баспана мәселесі шешілген.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен ҚР ТЖМ бірлескен күш-жігерімен апат аймағынан 107 отандасымыз, оның ішінде Қырғызстан мен Түркия азаматтары эвакуацияланды.

Түркия ЖОО-ларында оқитын қазақстандықтар Газиантептегі қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлерге көмектесу үшін ерікті ретінде апат аймағына барды.

Медет Мырзағұлов – аудармашы ретінде көмектесетін еріктілердің бірі.

«Мен мұнда өз еркіммен келдім, отандастарымызға көмектесуге келдім. Түрік халқының жағдайы қатты әсер етті. Сол себепті көмектесуді ұйғардым», - дейді М. Мырзағұлов.

Ал Ферхат Асланоғлу ТЖМ жасақтарына іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектеседі және Түркияға көрсеткен көмегі үшін бауырлас Қазақстан халқына ризашылығын білдірді.

«Мен Қазақстанға және қазақстандық құтқарушыларға үлкен алғысымды айтқым келеді. Олар үйінді астынан үш адамды шығарды. Күндіз-түні жұмыс істейді. Кейде олардың жұмысы 16 сағатқа созылады. Қазақстаннан көптеген көмек келіп түсіп жатыр», - дейді Ф. Асланоғлу.

Түрік кәсіпкері Искендер Каплан, ең алдымен, Газиантепке жер сілкінісінен кейін келген Қазақстан Елшілігі мен Консулдығының қызметкерлеріне рахмет айтты.

Сондай-ақ, ол құлауы мүмкін ғимарат астынан да тірі адамдарды шығарудан қорықпай, батылдық танытқан қазақстандық құтқарушылардың еңбегін атап өтті.

«Түрік халқы үшін өте қиын кезеңде сіздер біздің қасымызда болдыңыздар және керемет қолдау көрсеттіңіздер. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз», - деп қосты И. Каплан.

Сонымен бірге Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлына Қазақстан мен Қазақстан халқының басшылығы атынан Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты көңіл айтылды.

Бұл Газиантеп қаласының әуежайында Қазақстаннан гуманитарлық жүктері бар арнайы борт келген сәтте болған еді.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев пен ҚР ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоғлына және барша түрік халқына көңіл айтты.

Өз кезегінде түрік министрі Түркияның тұтас халқы атынан бауырлас Қазақстан халқына қиын сәтте қолдау көрсеткені үшін және көрсеткен көмегі үшін алғысын жеткізді.

Осылайша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы толық орындалды: қазақстандық құтқару операциясы аяқталды.

Бірақ мыңдаған қазақстандықтар қатысқан гуманитарлық миссия жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар