Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев Түркия Парламентінің төрағасы Жемил Чичекпен кездесті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 7 сауір. ҚазАқпарат - Қазақстан-Түркия қатынастарының 20 жылдығын тойлау шеңберінде Елші Ж.Түймебаев Түркия Республикасы Парламентінің төрағасы Жемил Чичекпен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, екі ел парламентшілерінің арасындағы байланыстарды жандандыру, парламентаризмді дамыту мәселелеріндегі өзара қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.

Елші Ж.Түймебаев сұхбаттасушыға Қазақстандағы соңғы саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар, соның ішінде үстіміздегі жылғы қаңтардағы парламенттік сайлау және үкіметтің жаңа құрамының қалыптасқаны туралы ақпарат берді. Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы Жолдауының негізгі ережелеріне ерекше көңіл бөлді және төрағаға осы құжаттың түрік тіліндегі аудармасын табыс етті.

Өз кезегінде түрік Парламентінің төрағасы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың рөлін атап өте отырып, Қазақстанның саяси және экономикалық дамуын оң бағалады. Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының табысты жұмысына назар аудара отырып, оның түркі әлемін біріктірудегі бастамаларына тоқталды. «Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі әлемінің көшбасшысы болып табылады», - деп атап көрсетті Ж.Чичек.

Ж.Түймебаев Түркия Парламентінің төрағасына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Мәмидің ең ізгі тілектерін жеткізді, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Ж.Чичек сапардың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдіріп, шақыруды қабыл алды.

Елші Парламент спикеріне «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалін табыс етті.

Сұхбат соңында Ж.Чичек, Қазақстан басшылығына және халқына оған көрсетілген жоғары құрмет үшін алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар