Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Еркебұлан Оңалбекұлы Сәпиев Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды», делінген құжатта.

​​Еркебұлан Оңалбекұлы 1975 жылы 26 маусымда Мәскеу қаласында туған. Анкара университетін (1998 ж.), Айдын Ыстанбұл университетін (2017 ж., Түркия Республикасы) Экономика бакалавры, саясаттану және халықаралық қатынастар магистрі мамандығы бойынша бітірген.

Өзінің еңбек жолын 1999 жылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде жетекші экономист болып бастады және басқарма бастығы лауазымына дейін қызмет етті.

2003 жылы Алматы қаласының «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмысқа ауысты.

2004-2006 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі болды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесіндегі өзінің дипломатиялық мансабын 2006 жылғы маусымда Түркия Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі қызметінен бастады. Кейіннен осы Елшіліктегі кеңесші-уәкілі болып тағайындалды.

СІМ Орталық аппаратында 2011-2014 жылдар аралығында Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия департаменті директорының орынбасары, сондай-ақ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.

2014-2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы (Түркия) Бас консулдығын басқарды.

2018 жылдың қыркүйек айында Түркістан облысының әкімдігіне ауысып, онда 2019 жылдың наурызына дейін әкімнің кеңесшісі қызметін атқарған.

Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болды.

I сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. Түрік және ағылшын тілдерін меңгерген. Үйленген, үш баласы бар.

Соңғы жаңалықтар