«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мемлекеттік бағдарлама аясында 15 млрд. теңгені құрайтын 4 мың 500 заем берді

None
None
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Ағымдағы жылғы қазанның 1-дегі жағдай бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында республика бойынша 15 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын 4 мың 500 заем  берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оның ішінде 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 9,08 млрд. теңге шамасында 2 мың 445 заем, сондай-ақ  18 мың 700 төлем қабілеттілігін растайтын хабарламалар берілді. Ал 2005 - 2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 6,17 млрд. теңге көлемінде  2 мың 66 заем мен 4 мың 400 төлем қабілеттілігін растайтын хабарлама берілді», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

 Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  Қазақстан Республикасының 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларына ұлттық валютамен жылдық 4 пайызды құрайтын  алдын ала тұрғын үй заемдарын береді. Бағдарлама халықтың баспанаға аса мұқтаж  санатына арналып отыр. Бұл санатқа мемлекеттік қызметкерлер, жас отбасылар, немесе асырауында балалары бар жалғызбасты ата-ана, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік қызметкер санатына жатпайтын мемлекеттік мекеме және мемлекеттік әлеуметтік кәсіпорындардың қызметкерлері жатады.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында Банк ұсынатын заемдардың негізгі артықшылығы - пайыздық мөлшерлеменің төмендігі мен несиені 23,5 жылға бастапқы жарнасыз-ақ алу мүмкіндігінде болып табылады.  Тоқтала кететін жайт, Банк Мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға тек төлем қабілеттілігі расталған жағдайда ғана заем береді. Егер алушының табысы расталмаса немесе қажетті межеге жетпесе, оған екі адамға дейін кепіл тартуына болады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша кепіл болуға өтініш берушінің жолдасы не жұбайы, жақын туыстары, сондай-ақ заемды бірлесе ала отырып, қарыздың қайтарылуына жауапкершілікті теңдей бөлісетін азаматтар қатыса алады», делінген баспасөз баянында.

Соңғы жаңалықтар