Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық интеграция жетекшісі болып қала береді - Айдос Үкібай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанның жетекші ақпарат агенттік тілшілері Елбасы баспасөз қызметіне хабарласып, бірқатар қызықты әрі өзекті сұрақтарға жауап алу үшін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Баспасөз-хатшысы Айдос Үкібайға сауалдарын жолдаған еді. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Елбасының Баспасөз-хатшысымен арадағы сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

- Айдос Ыдырысұлы, биыл 19 наурыздағы тарихи оқиғадан кейін Сіз Елбасы Кеңсесіне қызметке ауысып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Баспасөз-хатшысы болдыңыз. Мемлекеттік құрылымдағы осы тектес модель бүкіл әлемде бірігей екені түсінікті. Осыны ескере отырып, жұмысты жаңадан құру қаншалықты қиынға түскенін айтып өтсеңіз?

- Расында да, елімізде мұндай оқиға алғаш рет орын алған болатын. Атап өткеніңіздей, Тұңғыш Президент саяси тұрақтылықтың кепілгері болып қала беретін мұндай мемлекеттік басқару моделі әлемде кездеспейді.

Менің алдымда наурыздың 20-сы мен 26-сы аралығында мүлдем жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайын білікті мамандар командасын жасақтау міндеті тұрды. Сонымен бірге, Елбасы баспасөз қызметі Нұрсұлтан Әбішұлымен жұмыс тәжірибесі бар кадрлардан қалыптасуы тиіс болды.

Әрине, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қызметін ақпараттық тұрғыда қолдауды қамтамасыз етпес бұрын, Елбасы мәртебесінің өзін адамдарға түсіндіріп, жеткізу мақсаты тұрғанын атап өткен жөн. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев өзі президенттік өкілеттігін тоқтатқанға дейін саяси реформаларды жүзеге асыруда негізгі рөл атқарғанын және солай болып қала беретінін түсіну керек.

- 2019 жыл атқарылған жұмыстардың Сіз және командаңыз үшін қаншалықты мазмұнды болды?

- Егер де Elbasy.kz сайтындағы тек ресми хабарламалар көлемі бойынша салыстырсақ, онда наурыз айынан желтоқсанға дейін 200-ге тарта ақпараттық материалды даярлап, жарияладық. Жалпы, Елбасының қатысуымен өтетін шараларды дайындау мен ұйымдастыру деңгейі еш азайған жоқ. Сондықтан ҚР Тұңғыш Президенті Кеңсесінің жұмылдырылған барлық қызметкерлеріне бұрынғысынша жоғары талаптар қойылады.

Саны жағынан штаты ауқымды емес бола тұра, Елбасы Кеңсесі Тұңғыш Президент қызметін қамтамасыз ететін жұмыстарды сапалы әрі дер кезінде іске асырып жатқандығын атап өткен жөн.

Менің ойымша, осы өтіп бара жатқан жыл айтарлықтай жемісті әрі мазмұнды болды. Біз Тұңғыш Президенттің үш сұхбатын ұйымдастырып, жарияладық; үш деректі фильмге бастама жасап, оны жарыққа шығару үшін жұмыс істедік; қысқа мерзімде Elbasy.kz жаңа сайтын жасадық.

Алдағы жылы БАҚ-ты электронды аккредиттеудің жүйесін іске қосу жұмысын аяғына дейін жеткізуді, сондай-ақ Елбасы қызметі туралы архивтік медиа-өнімді ұсыну процесін жүйелендіру мәселесіне өтуді жоспарлап отырмыз.

- Соңғы айларда Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шетелге сапар шекті. Елбасының халықаралық қызметі жайында пікір білдірсеңіз?

- Әрине, бұл сұрақ Тұңғыш Президенттің жақында болған шетелдік сапарларына байланысты. Токиода Елбасы Жапония Үкіметінің басшысы Синдзо Абэнің шақыруы бойынша жаңа император Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Баку мен Ташкентке шетелдік көшбасшылардың шақыртуы бойынша сапарлады.

Сол шетелдерде өткен саммиттерде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне халықаралық мәртебелер - Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы және Орталық Азия мемлекет басшылары Консультативтік кездесуінің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Биыл мамырда Елбасы Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесін алды. Осы үш лауазым Нұрсұлтан Назарбаевқа интеграциялық процестерге белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Егер нақтылап айтсақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық интеграцияның жетекшісі болып қала береді.

Осыны жете түсіне отырып, бізге достас елдердің көшбасшылары мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті ұжымдық шешімдер қабылдады деп ойлаймын.

Елбасы халықаралық аренада жоғары белделге ие. Президенттік өкілеттігін тоқтатқанына қарамастан, шетелдік лидерлер Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысты жалғастыруда. Телефон арқылы байланысқа шығып, өзара жеделхаттар келіп түсіп жатады, сондай-ақ екіжақты кездесулер де жалғасуда. Осының барлығы қалыпты әрі әбден толық түсінуге болатын үрдіс. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шет мемлекеттер басшыларынан, үкімет басшыларынан, шетел зиялы қауымы өкілдері мен қоғам қайраткерлері тарапынан корреспонденция әлі де толастаған емес.

Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқан кезде, яғни биылғы наурыз айында жеделхаттар өте көп болды. Әлемдік көшбасшылар Елбасының шешімін толықтай қолдап, алдағы уақытта да тұрақты байланыстарды жалғастыруға ниеттерін білдірді.

Өткен кездесулердің бірінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Елбасына қарата айтқан сөзінде: «Сіз – Тәуелсіз Қазақстанды құруда тарихи үлесіңізді қосқан өз еліңіздің ұлттық лидерісіз. Біздің қатынастарымыз уақыт сынағынын өтті және ауқымды әлеуетті көрсетті...

Қытай тарапы алдағы уақытта да Қазақстанның тұрақтылығын, дамуын және тәуелсіздігін қолдауды жалғастыратынын сеніммен айтқым келеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша Тұңғыш Президенттің саясатын қолдаймыз. Біз әрқашан Қазақстанның ең сенімді досы, серіктесі және көршісі болып қала береміз...» деген болатын.

Халықаралық аренадағы өзінің қызметінің арқасында Елбасы келешекте де тату көршілік қатынастарды нығайтуда және экономикалық байланыстарды дамытуда өзінің елеулі үлесін қосатын болады деп санаймын.

- Баку мен Токиода Сіз Елбасының фитнес-білезігіндегі мәліметтермен бөлістіңіз. Сол кезде көбісі мазмұнды әрі қарбалас жұмыс кестесіне қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев спортпен шұғылдануға уақыт бөлетініне таңданған еді. Аталған шаһарлардағы климат жаяу серуен жасауға мүмкіндік берді. Ал елордада Елбасы спортпен қалай айналысады?

- Менің ойымша, спорт сүйер қауымның басым бөлігі елорданың ызғарлы климаты аясында далада спортпен шұғылдану мүмкін емес дегенмен келіспейді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұрынғысынша спортқа көп көңіл бөледі және өзін тың формада ұстайды. Сосын, Тұңғыш Президенттің фитнес-білезігіндегі мәліметтерді жариялағанымызда, Елбасы Кеңсесінің кейбір қызметкерлері өздерінің физикалық жағдайы үшін ұялғанын да айтқым келеді.

Жалпы, соңғы жылдары бұқаралық спортпен шұғылдану тренді біздің азаматтарымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанына қуанамын. Бұнда да Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі бар деп білемін, сонымен қатар, Елбасы халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауды бұрынғысынша жалғастырып, қалың көпшілікке үлгі болып келеді.

- Жаңа жыл қарсаңында оқырманға қандай тілек айтар едіңіз?

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Баспасөз қызметінің атынан Сіздердің ақпарат агенттіктеріңіздің оқырманына 2020 жылда табыс пен жаңа жетістіктерді тілеймін. Тышқан жылы еліміздің барша тұрғындары үшін жемісті әрі мазмұнды болатынына сенімдімін. Өйткені шығыс елдерінде тышқан дәулет пен байлықтың, тазалықтың, молшылықтың және әдептіліктің символы саналады. Баршаңызға жақсылық пен бейбітшілік, ашық аспан тілеймін!

- Сұхбатыңызға әрі мазмұнды жауаптарыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар