Қазақстанның төрт өңірінде бірінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абай облыстарының бірнеше ауданында оқушылар онлайн форматта білім алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана білім басқармасы 2 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-4 сынып оқушылары сабаққа үйден қосылатынын хабарлады.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа райы қолайсыздығына, нақты айтқанда аязға байланысты бірнеше ауданда оқушылар қашықтан оқиды.

«Атап айтқанда, Алтай ауданында бірінші ауысымдағы 0-4 сынып, Глубокое ауданданы мен Риддер қаласында 0-9-сынып оқушылары мектепке бармайды. Қалған қала, аудандарда сабақ дәстүрлі форматта өтеді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Абай облысы әкімдігінің дерегінше, Семей қаласында 1-4 сынып оқушылары, Бесқарағай, Бородулиха аудандарында 1-9 сыныптар қашықтан оқиды.

Сондай-ақ Курчатов қаласының мектептерінде 1-4 сынып және даярлық топ оқушылары мектепке бармайды.

Қостанай облысының Амангелді және Жангелді ауданындарында да 0-4 сыныптар бірінші ауысымда онлайн оқыту форматына көшірілді.
Соңғы жаңалықтар