Қазақстанның теміржолшылары Наурыз мейрамын атап өтуде

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан темір жолы» қызметкерлері Наурыз мейрамына орай Ұлы даланың дәстүрі мен салтын паш ететін іс-шараларды жыл сайын өз күшімен ұйымдастырып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл ҚТЖ ұжымы Наурыз бағдарламасын көшпенділердің Жеті қазынасына арнаған.

«Теміржолшылар Астанада этноауыл ұйымдастырып, жеті киіз үй тікті.

Киіз үйлердің бірінде бүркіт және сұңқармен қыста аңға шығу ерекшеліктері туралы айтылды. Бүркітшілер дәстүр бойынша аңға тазы ертіп, аңға шығады.

Ал көрші киіз үйде батырлардың бес түрлі қаруы назарға ұсынылды.

Этноауыл қонақтары үшін әр отбасының киелі дәстүрі саналатын – бесікке салу және тұсаукесер рәсімдері көрсетілді», - делінген ҚТЖ хабарламасында.

Компанияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, теміржолшылар салт-дәстүрді сақтап, жас ұрпаққа насихаттауды парыз деп біледі.



Соңғы жаңалықтар