Қазақстанның технологиялары барлық құрлықта қолданылады - ғалым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚР Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығы» РМК директоры Әбдірасыл Жәрменов отандық ғылымның жетістіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде журналистер де, шенеуніктер де, халық та Қазақстанның ғылымын онша мақтамайды. «Ғалымдар түк істемейді. Халықтың ақшасын жайдан-жай жеп жатыр» деген әңгімені жиі естиміз. Бір жағынан, ол дұрыс та шығар. Бірақ бұндай әңгімелер ақпараттың аздығынан туындайды деп ойлаймыз. Мысалы, біздің технологияларымыз Антарктида мен Австралиядан бастап барлық құрлықта қолданылады. Ол мемлекеттердің ішінде Канада, Бразилия, Италия, Боливия, Қытай, Ресей, Украина, Қырғызстан мен Өзбекстан да бар», - деді Ә.Жәрменов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Профессордың айтуынша, отандық технологиялардың негізінде әлем бойынша жаңадан зауыттар мен фабрикалар салынды. Соңғы 20 жылдың ішінде аталған өндіріс орындарына 3,5 миллиард доллардан астам қаржы құйылды. «Ол зауыттар жылына 4 миллиард доллардың өнімдерін шығарып отырады. Енді, біз кейбір бағыттар бойынша алдыңғы қатарда жүрміз. Ал кейбір бағыттар бойынша қалыңқырап жатырмыз. Ол - өмірдің заңдылығы. Себебі оның бәрін бірден алып кету мүмкін емес. Мысалы, біз қорғасын технологиясын жақсы дамыта білдік. Оның көмегімен дүниежүзінде қорғасынның әрбір 10-тоннасы өндіріледі. Кивцэт-технологиясы дейміз. Сосын алтын өндіру технологиясы бойынша біз көп елдерден алда тұрмыз. Қазақстандағы алтынның әрбір 3-тоннасы отандық технология негізінде өндіріледі. Бұдан бөлек, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытайда алтын қазақстандық технологиямен шығарады», - деп атап көрсетті Ә.Жәрменов.null

Орталық басшысының сөзіне қарағанда, Қазақстан ферроқорытпа кешені бойынша оқ бойы озық келеді. Соның негізінде шетелде бірнеше зауыт салу жоспарланып отыр. Қарағанды қаласында да осы саладағы өндіріс ашылмақ.

Соңғы жаңалықтар