Қазақстанның тау-кен компаниялары дағдарысты еңсере алады – ҚР ИИДМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қарабаев тау-кен өндіру компаниялары пандемия кезінде қалай жұмыс істеп отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл бүкіл әлем індетке тап болды, сала коронавирус пандемиясы салдарын сезінді. Кәсіпорындар өз жобаларын белгісіз уақытқа кейінге қалдырды. Металдар бағасының жаппай төмендеуі орын алып отыр. Қазақстандағы сала өкілдерінің кездесуіне арналған дәстүрлі алаңдар – «Astana Mining & Metallurgy Congress» көрмесі әлемдік карантин салдарынан 2021 жылға қалдырылды. Дегенмен бүгін сіздермен ірі және шағын кәсіпорындардың сала алдында тұрған қазіргі мәселелерін ескере отырып, жүйелі сұхбат құрып, саланың өзекті мәселелерін ашық талқылау үшін, қазақстандық және шетелдік өнеркәсіп өкілдері арасында іскерлік байланысты нығайту үшін онлайн кездесу өткізуді ұйғардық», - деді М. Қарабаев «Қазақстанның тау-кен саласының жаңа жағдайы» атты онлайн конференцияда.

Спикер пандемия салдарынан әлем бойынша жаһандық экономиканың құлдырағанын атап өтті. Бірақ 2020 жылдың 9 айын талдай келе, Қазақстанның 40 жетекші тау-кен өндіруші компаниясының осы дағдарыстарды жеңуге жақсы мүмкіндігі бары анықталды.

«Бұған пандемия кезеңінде мемлекеттің уақытылы қолдауы ықпал етті. Өткен 2019 жылғы табысты қызмет пен салаға салынған ауқымды капиталдық салымдар арқылы қазақстандық тау-кен-металл секторы жаңа жағдайға бейімделе алды және жаңғырту жолына қарай тұрақты жылжып келеді. Жаңа технологиялық инновациялар мен цифрлық шешімдерді қолданудың, сауатты менеджменттің арқасында, жалпы өнім шығару көлемін күрт төмендетпей, жұмыс орындарын сақтап қала алдық және инвестициялық жобаларды толық көлемде іске асыра алдық. Тау-кен саласында еш құлдырау байқалмайды және көрсеткіштер 2019 жылғы деңгейде қалып отыр. Менің ойымша, пандемия кезеңі үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. Тау-кен кешені компанияларындағы цифрландыру мен қолжетімді технологиялар Президент Жолдауында айтылған ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы. Өнеркәсіп пен IT-сала арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пандемиядан кейінгі кезеңде қозғаушы күшке айналуы мүмкін заманауи цифрлық технологиялық платформаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді М. Қарабаев.


Соңғы жаңалықтар