Қазақстанның танымал кәсіпкерлері мектеп оқушыларына сабақ береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың қыркүйегінде мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізіледі және оқушыларға Қазақстанның танымал кәсіпкерлері сабақ береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10-11 сынып оқушыларына арналған бұл пән 2018 жылы пилоттық жоба ретінде бірқатар мектептерге енгізілген.

«Бұл пәнді енгізу жөнінде 2015 жылы ұсыныс бергенбіз. Білім және ғылым министрлігі оны қолдады. 2018 жылдан бастап, аталған пәнді пилоттық жоба ретінде көптеген мектептерде бастап кеттік, 2019 жылдың қыркүйегінде мектеп бағдарламасына енетін болады», деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жұмағазиевтің айтуынша, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздерінің» басқа пәндерден айырмашылығы - оның интерактивті түрде өтуінде болмақ.

«Осыған байланысты арнайы портал жасап жатырмыз. Қазақстан бойынша 10-11 сынып оқушылары осы порталда отырады. Әрине, олардың күнделікті Инстаграм, Фейсбукта қызығып оқитын кейіпкерлері, парақшалары бар. Олардың кімге қызығатынын зерттеп жатырмыз. Ғалымдармен де пікір алмастық, олар Қазақстанда өзін жақсы көрсетіп жүрген кәсіпкерлердің көп екенін айтты. Солардың өмірін айта отырып, балаларды кәсіпкерлікке баулуды жөн көріп отырмыз», - деді ұлттық палата өкілі.

Сондай-ақ, Э. Жұмағазиев жаңа пәннің оқулығы мен оқытушыларының да ерекше екенін атап өтті.

«Пәннің оқулығы дайын. Бұл бес жылға жарайтын классикалық оқулық емес. Бұл - үнемі жетілдіріліп отыратын онлайн-оқулық болмақ. Егер бір бағыт ескірер болса, жаңасына алмастырамыз. Тағы бір қызықты әдіс: әр сабақты Қазақстанның танымал кәсіпкері жүргізеді. Мұнда жай мұғалімнен гөрі, өзін-өзі қалыптастырған, әлеуметтік желіде балалар қызығып қарайтын кәсіпкерлер көбірек сенім тудырады. Бұл ұсынысты ірі бизнес өкілдеріне айтқанымызда, олар қуана келісті. Дереу қалам алып, оқушыларға не айтқысы келетіндерін жаза бастады», - деді ол.

Э. Жұмағазиевтің айтуынша, жаңа пән аясында Тимур Құлыбаев, Абылай Мырзахметов, Райымбек Батталов сынды кәсіпкерлер мектеп оқушыларына кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретпек.

Соңғы жаңалықтар