Қазақстанның таэквондошылары Гамбургте 7 медаль жеңіп алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Германия Гамбург қаласында таэквондодан өткен «German Оpen G1» халықаралық турнирінде қазақстандық спортшылар жеті медаль жеңіп алды. Біреуі алтын болса, қалғаны - қола медальдар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

74 келі салмақ дәрежесінде ел қоржынына үш бірдей медаль түсті. Финалда Лес Әбдусамат ресейлік қарсыласын жеңіп, алтыннан алқа тақса, Нұрсұлтан Мамаев пен Нұрқанат Қожахмет қоланы жеңіп алды. Бұдан бөлек, Самат Темірханов (54 келі), Сапарғали Әбдірашев (54 келі), Елдос Ысқақ (58 келі) және Дениз Жансель (73 келі) үшінші орыннан көрініп, қола медальға ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның таэквондо федерациясы Гамбург қаласындағы турнирге аттанатын спортшылардың тізімін жариялаған болатын. Рейтингтік турнирге Қазақстан командасы толық құраммен барды.

Атап айтқанда, ерлер құрамасында Елдос Ысқақ (58 келі), Эльдар Бірімбай (63 келі), Қайрат Сарымсақов (74 келі), Нұрлан Мырзабаев (80 келі), Рахым Әділханов (80 келі), Смайыл Дүйсебай (87 келі), Руслан Жапаров (+87 келі), ал қыздардың ішінде Фариза Алдоңғарова (53 келі), Ақсәуле Ерқасымова (67 келі), Дениз Жансель (+73 келі) бар.

«Бұдан бөлек, облыстар есебінен Германияда Айтуар Шайкенов, Самат Темірханов, Сапарғали Әбдірашев (барлығы да 54 келі), Қазбек Бақтиярұлы (63 келі), Нұрсұлтан Мамаев (68 келі), Лес Әбдусамат (74 келі) және Нұрқанат Қожахмет (74 келі) бақ сынайды», - делінген федерацияның ресми хабарласында.

Соңғы жаңалықтар