Қазақстанның су заңнамасы халықаралық принциптерге сәйкестендіріледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі су ресурстарын пайдалануды реттейтін заңнама халықаралық құқық принциптеріне сәйкестендіріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламенттік тыңдауда су рерсурстарын дамытудың келешегі туралы баяндама жасаған вице-премьер жаңа Су кодексінде қандай негізгі бағыттар редакцияға ұшырайтынын айтты.

«Су кодексінің жаңа редакциядағы негізгі бағыттары:

Бірінші. Елдің су-ресурстық әлеуетін сақтау.

Екінші. Су пайдаланушыларды су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктерді айқындау.

Үшінші. Мониторингті цифрландыру, Қазақстанның су ресурстары әлеуетін есепке алу және болжау, сондай-ақ су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін арттыру.

Төртінші. Ұлттық заңнаманы халықаралық құқық принциптерімен үйлестіру», - деді Ералы Тоғжанов.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа Су кодексінің және ілеспе заң жобасының тұжырымдамалары әзірленген.

Енді заң жобаларының тараулары мен баптары дайындалып жатыр.

«Кодекс жобасы қыркүйекте Президент Әкімшілігіне, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент Мәжілісіне енгізіледі», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың мәліметі бойынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады.


Соңғы жаңалықтар