Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлері Ресей газымен қамтылуы мүмкін - Премьер
2022 жылғы 24 мамыр 11:04

Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлері Ресей газымен қамтылуы мүмкін - Премьер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресей тарапы Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру нұсқасын қарауға дайын. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының атап өтуінше, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру бойынша нақты шешім қабылдау мақсатында екі нұсқа қарастырылып жатыр. Оның бірі - Ресейден газ тарту.

«Осы жылдың 11 ақпанында өткен қазақстандық-ресейлік жұмыс тобының отырысы барысында ресейлік тарап газды коммерциялық бағамен сатып алған жағдайда еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру нұсқасын қарастырға дайын екендіктерін атап өтті. Бүгінде газ бағасын анықтауға байланысты есептеулер жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 12 сәуірінде «Газпром» ЖАҚ-пен кеңес барысында қазақстандық тарап газдандырудың балама нұсқаларын қарастыру мақсатында Ресей Федерациясынан сұйытылған табиғи газ жеткізу жолымен газдандыру нұсқасын зерделеуді ұсынды. Бұған қоса, аталған нұсқа газбен қайта жабдықтау және сығу инфрақұрылымына қаржы салуды талап етеді. Қорытындысында тараптар – QazaqGaz ҰК АҚ мен «Газпром» ЖАҚ арасындағы жұмыс тобы бұл мәселені одан ары пысықтау уағдаластығына қол жеткізді», - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Оның дерегінше, еліміздің аталған өңірлерін «Сарыарқа» магистральді газ құбыры арқылы да газдандыру жолы бар.

«АстанаГаз ҚМГ» АҚ «Сарыарқа» магистралды газ құбыры құрылысы» ІІ-ІІІ кезеңдерінің техникалық-экономикалық негіздемесін түзету жұмыстарын аяқтады. Нұр-Сұлтан-Көкшетау-Петропавл учаскесі бойынша «Мемсараптама» РКМ ескертпелерін жою жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың маусым айының соңына дейін ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысын алу жоспарланып отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, барлық бастапқы мәліметтер (газ бағасы, құрылыс құны, халықты қамту және т.б.) алынғаннан кейін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың соңғы оңтайлы нұсқасы таңдалады», - деді Премьер-Министр жауабында.


Ұқсас жаңалықтар
«ҚазТрансГаз Аймақ» тарифті заңсыз көтеру арқылы 2,3 млрд теңге пайда тапқан
2022 жылғы 9 тамыз 15:26

«ҚазТрансГаз Аймақ» тарифті заңсыз көтеру арқылы 2,3 млрд теңге пайда тапқан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Компания жоғары тарифті қолдану арқылы 2020-2021 жылдары 2,3 млрд теңге заңсыз пайда тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаментінің өндірісінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты жоғары тарифті қолдану арқылы негізсіз пайда табу дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 2020-2021 жылдардағы заңсыз қызметтен түскен қаражат 2,3 млрд теңге екендігі анықталды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның филиалы газ тасымалдау қызметіне монополиялық жоғары тарифті белгілеп, төлем алып отырған.

Тергеу барысында табиғи монополияларды реттеу Комитетінің өңірлік департаментіне белгіленген тарифтерге өзгерістер енгізу туралы ұсыным жасалып, нәтижесінде табиғи газ бағасына тариф төмендетілді.

Нәтижесінде, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда филиалында газ тасымалдауға көрсетілетін қызмет үшін шекті тариф және монополистік бағаларды қолдану кезеңі үшін өтемдік тариф (әрбір 1000м3 көлемге 3 320,45 теңге) белгіленді», - делінген ресми хабарламада.

Қызылорда облысында 1 тамыздан бастап газ тарифі 21 пайызға төмендетілді.


Түркістан облысында мұнай-газ тапшылығы жоқ
2022 жылғы 9 тамыз 14:35

Түркістан облысында мұнай-газ тапшылығы жоқ

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында мұнай-газ тапшылығы жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде газ тапшылығы туындағаны туралы ақпараттар тарап жатыр. Ал, бұл ақпаратты сала мамандары жоққа шығарды.

Облыстық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, Түркістан облысындағы автогаз құю бекеттерінде сұйытылған мұнай газының бағасы 1 литр үшін 60-65 теңгеден сатылуда.

2022 жылдың тамыз айына облысқа 12 141 тонна сұйытылған мұнай газы «ПетроКазакстан Ойл Продактс» ЖШС зауытынан берілген.

Бүгінгі күні «ПетроКазакстан Ойл Продактс» ЖШС зауытынан облысқа 40 вагон сұйытылған мұнай газы теміржол арқылы жіберіліп, газ толтыру станцияларына құйылуда. Газ толтыру станцияларынан газ тасымалдайтын көліктермен автогаз құю бекеттеріне толық жеткізіледі.

Түркістан облысы аумағында 7 газ толтыру бекеті орналасқан. Электрондық сауда алаңдарынан тыс өнім беру жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газын-27 газ желісі ұйымдары, газ толтыру станцияларының, топтық резервуарлық қондырғылардың, газ толтыру пункттерінің, автогаз құю станцияларының иелері алуда. Аталған 27 сұйытылған мұнай газын сатушы мекемелерлің облыста 304 автогаз заправкалары бар.


Атырауда «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобы қызметкерлерінің спартакиадасы басталды
2022 жылғы 8 тамыз 18:52

Атырауда «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобы қызметкерлерінің спартакиадасы басталды

Бүгін, тамыздың 8-і күні Атырау қаласындағы «Мұнайшы» орталық стадионында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) еншілес және тәуелді ұйымдарының қызметкерлері арасындағы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Спорт додасы ҚМГ 20 жылдығы мен «Ембімұнайгаз» АҚ 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Спорттық шара 11 тамызға дейін жалғасады.

Шараның ашылу салтанатына ҚМГ Аппарат басшысы Ерхан Омаров арнайы қатысып, командаларға жарқын жеңістер тіледі.

Төрт күнге созылатын байрақты жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен 20-ға жуық мекемеден 400-ден астам мұнайшы спорттың 9 түрінен сынға түседі. Атап айтсақ, үстел теннисі, шахмат, волейбол, баскетбол, жүзу, шағын футбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика. Жарыстар Атырау қаласындағы алты спорт нысанында өтеді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT