Қазақстанның соғыс аймағынан ана мен баланы елге қайтарудағы тәжірибесі көпке үлгі - ЮНИСЕФ сарапшылары

None
Видеодан алынған кадр/ҰҚҚ баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада өткен конференцияда соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтан қайтарылған әйелдер мен отбасыларды оңалту және азаматтығын қалпына келтіру жөніндегі бірлескен жұмыс қорытындыланды. Бұл туралы ҚазАқпарат ЮНИСЕФ-тің Қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жусан» және «Русафа» атты екі гуманитарлық операция барысында Қазақстанға қақтығыс аймақтарынан 188 әйел мен 522 баланы қоса алғанда, 725 адам қайтарылды. Көпшілігі – 12 жастан кіші балалар.

«Балалар мен әйелдерді оңалту және реинтеграциялау процесінде сектораралық тәсілді қолдану өзінің тиімділігін дәлелдеді, бұл халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылатын бағдарламаның нәтижелерінен айқын көрінеді. Әр балаға жеке көзқарас және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде балалардың мүдделерінің басымдығы оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Жалпы, қазақстандық тәжірибе, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен бірлесіп әзірленген жаңа тәсілдер мен ұсынымдар ел ішінде де, одан тыс жерлерде де мамандар үшін пайдалы болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Талғат Қалиев.

Еуропалық Одақ бірлескен қаржыландыруымен, 2021 жылы Қазақстан Үкіметі, ЮНИСЕФ және «БҰҰ-Әйелдер» бірлесе балаларды және олардың отбасыларын қорғау және оларға әлеуметтік қызметтер мен білім берумен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаны іске қосты.

«Қазақстан – Сириядан да, Ирактан да өз әйелдері мен балаларын елге қайтарған аздаған елдің бірі. Қазақстан Үкіметінің халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып адамдарды елге қайтарумен қатар, балалар мен олардың отбасыларын оңалту және қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыс жүргізілгеніне өте қуаныштымыз. Алдында осыған ұқсас міндеттер тұрған өзге елдер үшін Қазақстанның тәжірибесі аса құнды. Барлығының басым міндеттері балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету болуы тіс. Сондықтан, біздің бірлескен міндетіміз – жүзеге асқан бағдарлама аясында балалардың және олардың отбасына жасалған оңтайлы өзгерістерді тұрақты ету», - дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.

Бірінші кезекте Еуразия ұлттық университетінің негізінде балалармен жұмыс істейтін мамандарды оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға арналған ұлттық ресурстық орталық құрылды. Аталған орталықтың арқасында Атырау, Қарағанды, Павлодар, Түркістан және Шымкент қалаларындағы облыстық университеттермен байланыс орнатылып, психологтерді кәсіби даярлау саласында тәжірибе алмасу бойынша бірлескен жұмыс жасауға мүмкіндік туды. Университеттер негізінде балалар мен отбасылардың білім беру, психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету және психикалық денсаулығы мәселелері бойынша ресурстық топтар құрылды.

250-ден астам маман мен практик әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, жұмыстың құқықтық мәселелері және этикалық қағидалары бойынша оқытылды, соның арқасында 200-ден астам бала жақсартылған психологиялық-әлеуметтік және білім беру қызметтерін алды. Сонымен қатар, бұрынырақ жойылған және жоғалтылған отбасылық және әлеуметтік байланыстарды, саналы азаматтылық пен сәйкестікті қалпына келтіруге бағытталған «ұрпақтар арасындағы әңгімелер» әдісі әзірленіп, көпшілікке таныстырылды. Тарихты әңгімелеп айту арқылы аға буын балалармен тәжірибесімен бөліседі, қазақстандық қоғамда қалыптасқан этика, құндылықтар, мәдени нормалар және айырмашылықтарды үйретеді. Бүгінгі таңда Шымкент, Қарағанды, Жезқазған және Орал қалаларының мұғалімдері мен жергілікті атқару органдарынан құралған алғашқы топ осы әдіске оқытылды. Білім алушылар санын көбейту және әдісті ұзақ мерзімді перспективада қолдану мақсатында бейне-сабақтар әзірленді.

Оқытудың соңында мамандар қақтығыс аймақтарынан қайтып келген балалармен және олардың отбасымен жұмыс істеу жөніндегі практикалық оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Оқу құралдарында Отанына қайтарылған отбасыларға өткен күндегі жаралы тәжірибемен және жаңа ортаға бейімделумен байланысты психологиялық жарақатты, эмоционалдық қиындықтарды және күйзелісті жеңуге қалайша көмектесуге болатыны жайлы егжей-тегжейлі ақпарат бар. Оқу құралы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың күш-жігерімен халықаралық және этикалық нормаларға сай әзірленді. Кейс-менеджмент жүргізу және алғашқы психологиялық көмек көрсету жөнінде практикалық ұсыныстар берілген. Қажет болған жағдайда кейс-менеджер толыққанды консультациялық қолдау көрсете алады және еліне қайтарылған отбасыларды заң саласында көмек, медициналық қызмет және т.б. алуға жібере алады.

«Қақтығыс аймақтарынан келген балалар – ең алдымен, балалар. Олар бірде-бір бала көрмеуі тиіс аса жаралаушы тәжибеден өтті. Еуропалық Одақ Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, ЮНИСЕФ, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, Балалар құқығын қорғау комитеті, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуге қуанышты. Біздің бірлескен күш-жігеріміз психологиялық-әлеуметтік қызметтердің мемлекеттік жүйесін нығайтып қана қоймайды, балалардың алдынан жарқын болашақтың есігін аша отырып, олардың өмірін жақсартады», - деді Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Кестутис Янкаускас мырза.

Балалардың өмірін қалыпқа келтіру және одан кейінгі бейімдеу олардың маргиналдану мен шеттетілуінен қорғай алады. Қайтып келген балалармен және олардың отбасымен «ұрпақтар арасындағы әңгімелер» әдісі аясында өткізілген кездесулер, әңгімелесу мен кеңесу өзінің тарихын, салт-дәстүрлері мен өзге де ұлттық-мәдение аспектілерді жақсырақ танып қана қоюға емес, мемлекеттегі отбасылық, әлеуметтік және өзге қатынастарда өз орнын табуға көмектеседі.

«Қазақстан Республикасы – әлемде бұрын-соңды болмаған «Жусан» операциясын жүргізген алғашқы елдердің бірі. Оның барысында елге 500-ден астам бала қайтарылды. Бүгін біз олардың жетістіктері туралы ақпарат алуға қуаныштымыз. Балалардың 51%-ы – 4 пен 5-ке оқиды. Балалардың 30%-ы түрлі академиялық олимпиадалар мен шығармашылық конкурстардың қатысушылары мен жеңімпаздары атанды. Біз әрбір бала еліміздің мақтан тұтатын азаматы болып өсетініне шын жүректен сенеміз», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

«Сирия мен Ирактан оралған әйелдер мен балалар негізгі адам құқықтарының бұзылуына тап болды. Қарулы қақтығыстарда ең көп зардап шеккендер – бейбіт тұрғындар арасындағы балалар мен әйелдер. Біз «БҰҰ-әйелдер»-де репатрианттармен және олардың отбасыларымен жұмыс істеуде гендерлік тәсілді енгізу, сондай-ақ осындай қақтығыстар мен олардың салдарын жариялау кезінде БАҚ мамандарының гендерлік сезімталдығын арттыру үшін азаматтық қоғам ұйымдарымен белсенді ынтымақтасамыз», - деді Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілі Мария Доценко.

Конференцияға қатысушылар қақтығыс аймағынан қайтарылған балалар мен әйелдерді еліне қайтару және өмірлерін қалпына келтіру бойынша Қазақстанның озық тәжірибесінен негізгі қорытындылар мен ұсыныстар келтірді.


Соңғы жаңалықтар