Қазақстанның СІМ Лондондағы Әзербайжан Елшілігіндегі шабуылды айыптады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 4 тамызда орын алған экстремистердің Лондондағы Әзербайжан Республикасының Елшілігіне шабуылына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дипломатиялық өкілдіктер мен олардың персоналына қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі қабылданбайды деп санаймыз», - деп жазды ведомство Телеграм-арнасында.

Ведомствоның мәліметінше, халықаралық құқықтың негіздері мен нормаларын бұзудың осындай актілері жалпыға бірдей айыпталуға жатады және олардың ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тарту мақсатында мұқият тергеуді талап етеді.

«Біз әзербайжан халқының төзімділігіне сенімдіміз және бауырлас мемлекет үшін қиын жағдайларда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді білдіреміз», - делінген СІМ мәлімдемесінде.

Еске салсақ, 4 тамызда Әзербайжан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі елшілік ғимаратын радикалды діни топ басып алды. Оқиға кезінде елшілік қызметкерлері зардап шеккен жоқ. Жергілікті құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар