Қазақстанның шағын қалаларында Жедел басқару орталықтары құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлерінің кешенді күштерін басқару үшін облыс орталықтарымен бірге Қазақстанның шағын қалаларында да Жедел басқару орталықтары құрылады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәулік бойы қызмет атқаратын полицияның кешенді күштерін басқару үшін Жедел басқару орталықтары жұмыс істейді. Мұндай мекеме әрбір облыс орталығында бар. Қазіргі уақытта криминогендік жағдайы қиын шағын қалаларда да салынуда. Бүгінгі таңда аталмыш орталықтар Жаңаөзен, Рудный, Щучинск, Семей және Хромтауда салынып жатыр. 2019 жылы Жедел басқару орталықтарын Қапшағай, Риддер, Теміртау жән Степногорск қалаларында құру жоспарланып отыр», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері қылмыс саны 8 пайызға (175 мыңға дейін) азайған. Аса ауыр (-5 пайыз) және ауыр қылмыстар (-17 пайыз), орташа (-8 пайыз) және ауыр емес қылмыс түрлерінің саны (-10 пайыз) қысқарған. Сонымен қатар, тонау 10 пайызға, бұзақылық 17 пайызға, ұрлық 9 пайызға, қоғамдық орындардағы қылмыстар 8 пайызға төмендеген.

«Дегенмен, ұрлық саны бұрынғыша ең көп таралған қылмыс түрі болып отыр. Оның үлесі жалпы қылмыстардың көрсеткіші ішінде 70 пайызды құрайды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар