Қазақстанның саяси жүйесі заманауи талаптарға сай дамып келеді – Зарема Шәукенова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның саяси жүйесі заманауи талаптарға сай дамып келеді. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Зарема Шәукенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы парламенттік сайлау кезекті науқан саналады. Ол Заңмен белгіленген мерзімге сай өткелі отыр және еліміздегі барлық саяси партияның сайлау кезеңіне сапалы дайындық жүргізу үшін теңдей әрі жеткілікті уақыты болды. Сайлау процесі экономикалық қиындықтарға, пандемия мен халықаралық ахуалдың белгілі бір деңгейдегі әсеріне қарамастан тұрақты ішкі аяда өтіп жатқаны өте маңызды. Алғаш рет барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау тепе-теңдік жүйесі негізінде өткізілетін болады. Әрине, бұл саяси партиялар үшін олардың сайлауалды қызметтеріне жүктемені айтарлықтай арттырғаны да сөзсіз. Осы жолғы сайлау науқанының бір ерекшелігі партиялар өз тізіміне, әсіресе, жастар мен әйелдердің жаңа толқынын қосып отыр. Бұл Президент бастамаларының нақты жүзеге асырыла бастауының дәлелі», - деді ол Қазақстандағы сайлауға қатысты ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында.

Оның атап өтуінше, саяси партиялар коронавирус пандемиясы жағдайында жұмыстың жаңа форматына тез бейімделуге қабілеті жоғары екенін көрсетті. Іс-шаралардың бір бөлігі онлайн-режимде өтіп, коммуникацияның барлық заманауи арналары қолданылды. Осылайша, Қазақстанның қоғамдық-саяси күнтәртібін қарқынды әрі прогрессивті деп сипаттауға болады.

«Қазақстанның саяси жүйесі заманауи талаптарға сай дамып келеді. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға 10 халықаралық ұйым мен 31 шет мемлекеттен 398 байқаушы аккредиттелді. Алдағы парламенттік және жергілікті сайлаулар жаңа саяси маусымды ашады және елдің саяси процестеріне серпін береді. 7-ші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің жұмысы басталар алдында Үкімет ауысады. Жаңарған Парламентке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды одан ары жүргізу үшін заңнамалық база қалыптастыру қажет болады», - деді Зарема Шәукенова.


Соңғы жаңалықтар