Қазақстанның сауда айналымы жанданды ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр Қазақстанның сыртқы сауда айналымы рекордтық деңгейге жетіп, 134,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 32%-ға көп. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, рекордтық тауар айналымына қарамастан, экспорт көлемі айтарлықтай өспеген.

Жалпы Қазақстанның сауда саласы қалай дамып жатыр? Ел экономикасының қазіргі қарқыны қандай? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Еліміздің сыртқы сауда айналымы

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/506857?lang=kk Қазақстанның сыртқы сауда айналымы былтыр рекордтық көрсеткішке жетіп, 134,4 млрд АҚШ долларын құраған. Сауда профициті 34,3 млрд доллар деңгейінде қалыптасқан, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 82%-ға көп. Ал 2020 жылмен салыстырғанда, 4 есе артқан. Дегенмен, рекордтық тауар айналымына қарамастан, экспорт көлемі төмен, яғни 84,4 млрд долларды құраған. Бұл 2012 жылғы абсолюттік көрсеткіштерден 2,4%-ға аз.


Фото:gov.kz

Пандемияға дейін 2018 жылы елдің сыртқы саудасының жағдайы айтарлықтай жақсы болды. Мәселен, сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың соңында 21,3%-ға артып, 94,8 млрд долларды құрады. Нақтырақ айтсақ, тауарлар мен қызметтердің экспорты – 26%-ға (61,1 млрд доллар), импорт 13,7%-ға (58,1 млрд доллар) өскен. Ал 2019 жылы елдің тауар айналымы 97,8 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсім небәрі 3,2%-ды құраған. Бұл ретте көрсеткіш импорттың 18%-ға, яғни 39,7 млрд долларға дейін артуы есебінен ғана өскен. 2020 жылы сыртқы сауда 11,5%-ға азайып, коронавирус пандемиясы кезіндегі жаппай шектеу шараларына байланысты 85 млрд долларға дейін төмендеген. Экспорт бірден 18,7%-ға артып, 46,9 млрд долларды құраса, ал импорт 0,7%-ға ғана азайып, 38,1 млрд долларды құраған.

2021 жылы сауда саласы қайта қалпына келе бастады және жыл соңында сыртқы сауда деңгейі 101,5 млрд доллардан асқан. Бұл ретте экспорт 60,3 млрд долларға, импорт 41,1 млрд долларға дейін өскен. Жоғарыда атап өткеніміздей, 2022 жылы тауар айналымы максималды деңгейге дейін артты.


Ең көп экспортталған тауарлар түріне мұнай мен металл өнімдері жатады. 2021 жылы мұнай сатудан түскен табыс 51%-ға артып, 46,9 млрд доллар болған (экспорттағы үлесі – 56%). Мыс сату көрсеткіші – 15 %-ға (3,7 млрд доллар), ферроқорытпа – 51%-ға (3,4 млрд доллар), уран – 95 %-ға (3,4 млрд доллар), мыс рудасы 51%-ға (2,4 млрд доллар) өскен. Бұдан бөлек сатылым бойынша бидай (+37%), мұнай өнімдері (+73%), мырыш (+43 %), күкірт (+91%), көмір (2,4 есе) жоғары көрсеткіш көрсеткен.


2022 жылы алыс шетелдерге экспорт 45%-ға, яғни 69,1 млрд-қа дейін, ЕАЭО елдеріне - 24%-ға, яғни 9,7 млрд-қа дейін, ал ТМД елдеріне (ЕАЭО-ны қоспағанда) - 19%-ға, яғни 5,5 млрд-қа дейін артқан. Нақтырақ айтқанда, экспорт көлемі Италияға - 56%-ға, Қытайға - 35%-ға, Ресейге - 25%-ға, Нидерландыға - 25%-ға, Түркияға - 60%-ға дейін яғни 4,8 млрд-қа дейін ұлғайған.

Сонымен бірге өткен жылы Қазақстан ең көп тауарлар мен қызметтерді Ресейден (17,3 млрд доллар), Қытайдан (10,9 млрд доллар), Германиядан (2,2 доллар), АҚШ-тан (1,9 млрд доллар) және Кореядан (1,6 млрд доллар) сатып алған.


Қазақстанда өндірілген өнімнің жартысынан көбі, яғни 59%-ы экспортқа шығарылған. Айта кетейік, рекорд жасаудан импорт та қалысар емес. Соңғы бір жыл ішінде өзге елдерден сатып алған тауарлардың жалпы құны 50 млрд долларға жеткен.

Қазақстанның сыртқы саудасындағы негізгі тенденциялары

Экономикалық зерттеулер институтының өкілі Ернар Серік сыртқы сауда айналым көрсеткішінің артуы тауар бағасының өсуімен байланысты екенін айтады.

«Менің бағалауымша, сауданың 32% + жылдық өсімі шикізат пен металдың рекордтық бағаларымен, сондай-ақ 2022 жылы жалпы әлемдік инфляцияның жоғары деңгейімен байланысты. Мәселен, біз өткен жылы ел экспортының нақты өсімі 2022 жылдың 9 айында 3 пайызды құраса, номиналды көлем 47,5 пайызға өскенін көрсететін есептеулер жүргіздік. Бұл 47,5%-дың 44,5%-ы баға факторы деген сөз», - деді Ернар Серік.

Сарапшы өз сөзінде 2020 жылы пандемия кезінде еліміздің сыртқы сауда көлемі 18%-ға қысқарғанын атап өтті. Ал 2021 жылы сауда тез қалпына келіп, пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралып, 27%-ға өскен.

«Мұндай өсім 2020 жылы сыртқы сауданың төмендеуі және жаһандық жеткізу тізбегінің қайта жандануы мен ковид шектеулерінің жойылуының арқасында болып отыр», - деп түсіндірді Экономикалық зерттеулер институтының өкілі.

Сондай-ақ ол соңғы бес жылдағы Қазақстанның сыртқы саудасындағы негізгі тенденцияларына тоқталып өтті.

«Соңғы бес жылда біздің сауда саласы пандемияның салдарына және әлемдік бағалардың құбылмалылығына байланысты өрлеуді де, құлдырауды да бастан өткерді. Көрсеткіш көлемінің өзгеруіне қарамастан, өткен жылға дейін қазақстандық сауда құрылымында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. 2022 жылдан бастап еліміздің сыртқы сауда ағынында кезең-кезеңімен өзгерістер орын алуда. Мысалы, ел импортының құрылымында Қытай Ресейді қуып жетті, бұл ресейлік тауарлар импортының өсу қарқынының төмендеуімен де, қытайлық тауарлардың өсуімен де байланысты. 2022 жылдың 4-тоқсанында Ресейден импорт 13%-ға қысқарды, ал Қытайдан импорт осы кезеңде 54%-ға өсті», - деді сарапшы.

Экономикалық зерттеулер институтының өкілі қазіргі таңда біз Түркі мемлекеттері ұйымының елдерімен көбірек сауда жасай бастағанымызды атап өтті. Олардың ішінде Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдері бар және олардың үлесі еліміздің тауар айналымындағы 10%-ына жетіп қалғанын айтып өтті.

Ресми деректерге сүйенсек, импорттың өсуі машина жасау тауарлары импортының 11%-ға, яғни 13,2 млрд долларға дейін, көлік құралдары – 44%-ға, яғни 6,5 млрд долларға дейін, тамақ өнеркәсібі – 19%-ға, яғни 4,4 млрд долларға, химия өнеркәсібі – 27%-ға, яғни 4,1 млрд долларға дейін көбірек тасымалдануымен байланысты. Ұлттық экономика министрлігі 2022 жыл Қазақстанның сыртқы саудадағы жетістігін мұнай және металл бағасының жоғары болуымен байланыстырады.

Ал өңірлік тұрғыда алсақ, сыртқы сауданың 25%-ы – Атырау облысына ($33,8 млрд), 21%-ы – Алматы қаласы ($27,6 млрд), 11%-ы – Астана қаласына ($14,6 млрд) тиесілі. Ал Ұлытау (Қазақстанның тауар айналымының 0,2%-ы), Жетісу (0,3%) және Жамбыл (0,6%) облыстарында сауда белсенділігі төмен.



Ел экономикасының қазіргі қарқыны қалай?

Күні кеше премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралған болатын. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,3%-ды құраған. Оның ішінде, нақты сектор 2,7%-ға, қызмет көрсету саласы 5%-ға өскен.

«Барлық негізгі салаларда, атап айтсақ құрылыс, ақпарат және байланыс бойынша оң динамика байқалады, сондай-ақ сауда саласы да ең үлкен өсімді көрсетті. Негізгі капиталға инвестициялар ағыны 19,2%-ды құрайды. Биылғы сыртқы сауда айналымы 15,7%-ға өсіп, 10,3 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорт 0,4%-ға ұлғайып, 6,1 млрд долларды құрады. Оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 21,5%-ға өсіп, яғни 2,1 млрд долларға жетті, тауарлар импорты 4,2 млрд долларды құрады», - деді министр.

Қазіргі таңда еліміздің шикізат секторы да даму үстінде. Мәселен, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,5%-ға артты. Сала бойынша көмір өндіруді қоспағанда, барлық сала бойынша өсім байқалған. Атап айтқанда, металл кендерін өндіру – 2,1%-ға, газ өндіру – 1,1%-ға, мұнай өндіру – 0,1%-ға, сондай-ақ өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 12,9%-ға өскен. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 6,5%-ға артқан.


Соңғы жаңалықтар