Қазақстанның салық органдары шетел маркетплейстерін қалай қадағалайды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Цифрық активтер басқармасының басшысы Нұржан Қуандықов шетел маркетплейстері төлейтін салық бойынша қандай қадағалау тетіктері бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл салықты төлейтіндермен қарым-қатынас өзара сенім негізінде жүргізіледі. Біз олардың әділ жұмысына сенеміз. Сонымен қатар, бізде салық саласындағы бақылау тетіктері де бар. Яғни, бізге кеден органдарынан, пошта ұйымдарынан тиісті мәліметтер келіп түседі. Осы орайда қандай тауарлар біздің азаматтардың мекенжайына бағытталып жатқанын көріп отырамыз. Мұнымен қоса, бұл тауарларды кімдер жіберіп жатқаны туралы мәлімет бар», - деді Н. Қуандықов онлайн брифинг барысында.

Осы орайда ол мұндай бақылау тетігі қызмет саласында да бар екенін айтты.

«Бұдан бөлек, қызмет көрсету саласы бойынша бізде тиісті база бар. Бұл тұрғыда интернет арқылы қызмет көрсететін компаниялар (шетелдік) қымтылған. Атап айтқанда, осы салаға қатысты бізде қадағалау тетігі ескерілген. Салық кодексі салықтан жалтарып жүргендер туралы мәліметті жариялау құқығын беріп отыр. Сонымен бірге, аталған компания тіркелген елдің салық қызметіне хат жолдай аламыз. Міндеттерін орындамаған компаниялардың сайтын Қазақстан аумағында бұғаттау мүмкіндіктері де бар», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, басқарма басшысы интернет желісінде Қазақстан азаматтарына тауар сататын шетел компниялары төлейтін салыққа қатысты түсінік берді.

«Google салығы» бойынша Қазақстан бюджетіне 3 млрд теңге аударылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің Қазақстан аумағында орналасқан жеке тұлғаларға сатылған тауарлары, көрсетілген қызметтері үшін шетелдік интернет-компаниялардың ҚҚС төлеу жөніндегі міндеттемелері туралы нормалары күшіне енді (Google салығы).

Ұлттық экономика министрлігінен мәлім еткендей, қызметтері мен тауарларын онлайн платформалар арқылы сататын барлық шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне ҚҚС төлеуге міндетті болады.

Айта кетейік, ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12% құрайды. Мұның қазақстандық салық төлеушілерге қатысы жоқ.


Соңғы жаңалықтар