Қазақстанның пікірсайыс федерациясы дебатқа арналған мобильді қосымша құрды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Қазақстан Пікірсайыс Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған ұйым «Jas Otan» Жастар қанатының қолдауымен құрылған. Еліміздегі пікірсайыс қозғалысын жандандыруға, барлық пікірсайыс ұйымдарын біріктіруге, турнирлерді ұйымдастыруға, халықаралық жарыстарға қатысу үшін жас дебатерлерді дайындауға бағытталған.

«Қазақ халқы әрдайым ақындарға, жыршы-термешілерге, бай болған. Өскелең ұрпақтын қанында да бұл өнер бар. Пікірсайыс бұл тек сөз түсіндіру, сөз таластыру ғана емес, өмірлік жолды таңдауға үлкен жәрдем беретін мектеп. Меніңше, бұл федерация болашақта көптеген жастарға өмірлік жолын тауып, кәсіби маман ретінде қалыптасуына көмектеседі», - деді «Қазақстан Пікірсайыс Федерациясы» РҚБ Президенті Болат Бұхарбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Брифинг аясында пікірсайысшылардың коммуникациясына арналған сайт және мобильді қосымша таныстырылды. «Time to debate» қосымшасының ерекшелігі – уақыт өлшейтін таимкипер функциясын атқаруы.

Сонымен бірге, брифингте «Jastar Alany 2019» республикалық пікірсайыс турнирінің нәтижесі жарияланды. «Үздік пікірсайысшы» атағы үшін 18-29 жас аралығындағы 120-дан астам жас сөз шеберлері бақ сынасты.

«Биыл біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп, «Jastar Alany 2019» республикалық пікірсайыс турнирін өткіздік. Бұл оқиға елдің пікірсайыс қауымдастығы арасында ерекше қызығушылық тудырды. Алғашында 133 фракциядан өтінім түсті. Комиссия шешімімен 60 фракция біздің турнирдің финалына қатысты. Сондай-ақ, турнир аясында ойыншылар мен төрешілерге тұрақты түрде семинар мен тренингтер өткіздік. Олардың қорытындысы бойынша қатысушылар сертификаттар алып, осындай тренингтерді өз өңірінде өткізуге мүмкіндік алды», - деді «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек.

Соңғы жаңалықтар