Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі: Өткен жыл табысты болды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Өзбекстанның жылының ашылуы аясында ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

- «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» аясында қандай шараларды іске асыру көзделіп отыр?

- Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізу идеясы екі ел басшыларының келіссөздері кезінде туған болатын. Өткен жылы Президенттер бірнеше рет кездесті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға сапары болып, Өзбекстан басшысы Шавкат Миромонович Мирзиеев та екі рет Астанаға келген болатын. Сонымен қатар, мемлекетаралық форумдарда да Мемлекет басшылары бес рет кездескен. Осының нәтижесінде, екі ел арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай тез дамып келеді. Айта кетерлігі, дәл екі мемлекеттің Президенттері бауырлас елдердің арасындағы бастамаларға мұрындық болуда.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізудің жоспары бекітілгенін атап өткім келеді. Ол тақырыптардың ауқымдылығы соншалық, тіпті біз шаралар легін 2019 жылы да жалғастырғалы отырмыз.

Жалпы, бұл айтулы оқиғаға Қазақстан мен Өзбекстанның барлық министрліктері мен облыс әкімдіктері араласып, шаралар жоспарына өздерінің бастамаларын жолдап жатыр.

Өз тарапымыздан біздің елшілік те «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» шараларына өз ұсыныстарымызды бердік. Біз ұсынған пунктерде аймақтар арасындағы ынтымақтастық мәселелері де қарастырылған. Осылайша, Президенттердің қатысуымен аймақтардың форумын өткізіп, білім саласында осы жылдың мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің ЖОО ректорларының форумын ұйымдастыруды көздеудеміз. 

Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында біз сонымен қатар, И.Савицкий атындағы өнер музейі коллекциясының көрмесі (Нүкісте, ӨР) мен ӨР өндірісіндегі тауар көрмесін өткізу жоспарлануда.

Спорттық шараларға көпшіліктің қызығушылығын ескере отырып, «Қайрат» пен «Пахтакор» футбол командалары арасында жолдастық кездесу өткізудің маңызы бар деп білеміз.

Киноиндустрия саласы да ұмыт қалмайды. Қазақстандықтар сүйіп тамашалайтын кинолар Өзбекстанда жиі түсіріледі. Осыған байланысты қазақстандық киносүйер қауым үшін Өзбек киноларының күнін өткізу жоспарда бар. Ондай шаралар Таразда, Түркістанда, Шымкент мен Қызылорда қалаларында ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, бірлескен туристік бағдарлардың болашағы зор. Қазіргі таңда туристік салаға Өзбекстанда баса маңыз берілген. Президент тапсырмасы пен Үкімет қаулысы бойынша туристік саланы дамытуға, визалық тәртіпті жеңілдетуге назар аударылуда.

- Екіжақты қарым-қатынас тұрғысында өткен жылы қандай ауқымды өзгерістер болды?

- Өткен жыл екіжақты қарым-қатынас үшін аса табысты болғанын ерекше атап өткім келеді. Айтып өткенімдей, Қазақстан Президенті мен Өзбекстан басшысы бірнеше рет кездескен болатын. Осы сапарлардың барысында стратегиялық ынтымақтастық тәртібінде аймақаралық ынтымақтастық, Экономикалық ынтымақтастық Стратегиясы туралы Келісімге қол қойылды. Астана мен Ташкентте екі ірі өнеркәсіптік көрме өткізілді. Соның нәтижесінде, құны 1,3 млрд долларлық коммерциялық келісімге қол қойылды.

Парламентаралық ынтымақтастық та белсенді түрде дами түсті. 2017 жылдың қыркүйек айында ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясының Өзбекстанға сапары болып өтті. Желтоқсан айында Астанаға жауапты сапар аясында ӨР парламенттік делегациясы Астанада болды. 

Екі елдің арасында әскери-техникалық салада байланыс орнай бастады. Осылайша, екі елдің Президенттерінің шешімі бойынша Елшіліктер жанында әскери атташе институты ашылды. Өткен жылдың тамыз айында ҚР Қорғаныс министрі С.Жасұзақовтың Өзбекстанға сапары аясында қорғаныс ведомстволарының басшылары оңтүстік бағыттағы қауіп мәселесін талқылады.

Осы жылдан бастап Өзбекстанның арнайы күш құрылымдары мен әскери күш құрылымдарының бөлімшелеріне қазақстандық өндірістегі түнгі уақытта көру қабілеті зор құрылғылар жеткізіле бастады.

- Қазақстанда Өзбекстанның сауда-саттық тұрғысында ең ірі үш серіктесінің бірі болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы бойынша нақты көрсеткіштерді атап өте аласыз ба?

- Статистика бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артық.

Осы жыл бойынша біз құны 3 млрд АҚШ доллар болатын сауда-саттық және инвестициялық бағытта келісімдерге қол қойдық. Алдағы үш жылда екі мемлекет бұл соманы 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Бірақ, бұл сандар да - шегі емес. Меніңше, мемлекеттердің әлеуетін ескере отырып, бұл көрсеткішке бір жылдың ішінде жетуге болады.

Өзбекстанға баратын Қазақстанның экспорты өткен жылы 35,1 пайызға артты. Өзбекстанның біздің елге импорты да 25,1 пайызға көбейіп, 735,2 млн АҚШ долларын құрады.

Қазақстаннан Өзбекстанға бидай, табиғи газ, ұн, мұнай, кен мен концентраттар, металлопрокат, алюминий жеткізілсе, өз кезегінде Өзбекстаннан Қазақстанға табиға газ, цинк, жеміс-жидек жеткізілді.

- Елшілік өз алдына тағы қандай жоспарларды қойып отыр? Мәселен, бұрын Самарқан секілді қалаларда консулдық ашу жоспарланғанын естіп едік..

- Қазақстанның басқа елдерде консулдық ашуы қажеттіліктен туындайтынын түсіну керек. Бұл мәселелер ҚР СІМ мен ӨР СІМ-нің келісу арқылы жүзеге асады. Сондықтан, біз барлық шығынды есептей келе Қазақстанға бұл қаншалықты қажет деген сұраққа жауап тауып алуымыз керек.

Меніңше, алдағы уақытта Самарқанда консулдық ашылуы керек. Бірақ, Қазақстандағы Өзбекстан жылына қайта орала келе бұл жыл екіжақты қарым-қатынастың дамуына тың серпін беретінін айтқым келеді. Сөзсіз, бұл жыл тек «мәдени» ғана болмайды, барлық салада байланыс орнатудың бастамасы ретінде бола аларына сенімім зор.

-Әңгімеңізге рахмет!

Фото: m.ru.sputniknews-uz.com

Соңғы жаңалықтар