Қазақстанның оңтүстігінде екі өсім нүктесі құрылады - Мәжіліс депутаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысының тарихи шешімін бірауыздан қолдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман БАҚ өкілдерімен әңгімелесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның оңтүстігінде екі өсім нүктесі құрылады. Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және Түркістан облысын құру тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия өңірінің экономикалық мүддесі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Егер біз Шымкент пен жаңадан құрылған Түркістан облысының әлеуетін қарастыратын болсақ, нені байқаймыз? Біріншіден, Шымкентте және облыста өте ірі өнеркәсіп және білім беру нысандары шоғырланған. 90-шы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанда Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылғанын еске алсақ та жеткілікті. Бүгінде бұл университет Қазақстанның жоғары оқу орындары рейтингінде лайықты орынға ие болып отыр. Көптеген студенттер, оның ішінде шетелдіктер де білім алып жатыр», - деді Мұхтар Ерман.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жаңа заманауи дәлізі салынғанын еске салып өтті. Бұған қоса, газ тарту мәселесі де шешіліп, өңірде ауыл шаруашылы, шағын бизнес қарқынды дами түсуде.

Оның атап өтуінше, Парламент жаңа Түркістан облысының құрылуына байланысты белгілі бір жұмыстарды өткізетін болады. Жалпы, депутаттар Президенттің бұл шешімін бірауыздан қолдады және жоғары баға берді. Қазіргі уақытта Түркістанда түрлі нысандар салу бойынша жоспар әзірленуде.

Соңғы жаңалықтар