Қазақстанның оңтүстігінде егіс науқаны басталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында көктемгі егіс науқаны басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан облысында өткен көшпелі баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдерінің ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын ала ақпаратына сәйкес, 2019 жылы жалпы аумағы 22,3 млн гектар аумаққа егін салу көзделген. Бұл өткен жылға қарағанда 290,7 мың гектарға артық.

«1 сәуірдегі жағдай бойынша жоғарыда аталған облыстарда 379,3 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп қойған. Одан бөлек, масақты дақылдар 196,6 мың гектарға, майлы дақылдар 52,7 мың гектар жерге, көпжылдық шөптер 72,3 мың гектарға, көкөніс-жеміс дақылдары мен картоп 57,4 мың гектарға, қант қызылшасы 0,3 мың гектарға егілді», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басшысы Ақбар Мәуленов.

Ақбар Мәуленов Түркістан облысында бос жерлерді игеру есебінен майлы, дәнді дақылдар, жемшөптер, бұршақ дақылдары, азық-түлік дақылдары сияқты сұранысқа ие дақылдар алқабын тиімді әртараптандыру жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның ақпаратына құлақ ассақ, өткен жылға қарағанда, арпа мен жүгері егілген алқап 57,2 мың гектарға, қант қызылшасы егілетін аумақ 2,6 мың гектарға, жем-шөп алқабы 654,1 мың гектарға артады.

«Жалпы, республиканың агроөнеркәсіптік кешенінде қазіргі таңда 147 мың трактор, 3,9 мың жоғары өнімді егіс кешені, 79,4 мың сепкіш пен 249,0 мың топырақ өңдейтін құрал бар. Көктемгі егіс науқанын жүргізу үшін тракторлардың дайындығы 91 пайызды, егіс кешендерінің дайындығы 100 пайызды, сепкіштердің даярлығы 91 пайызды құрайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, биылғы егін салу жұмыстарына 380 мың тонна жанар-жағармай бөлініп отыр.

Соңғы жаңалықтар