Қазақстанның Олимпиадалық командасын ерекшелендіретін ою-өрнекке байқау жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Қазақстанның Олимпиадалық командасының ою-өрнегін жасауға арналған байқау жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, үздік ою-өрнек Олимпиада, Азиада және әлем біріншіліктерінде Қазақстан құрамаларының спорттық киімдеріне, сөмкелеріне, сондай-ақ арнайы спорттық кәдесыйларға таңбаланатын болады.

Байқаудың тақырыбы - Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертетін, Олимпизм идеологиясымен байланысы бар, Қазақстан командасын білдіретін өрнекті жасау. Байқауға техникалық талаптарға сай кез келген графикалық материалдар қабылданады. Сонымен қатар ою-өрнектің сипаттамасы, мәні мен мазмұны жазылуы тиіс. Тағы бір қойылатын талап - ұсынылған ою-өрнектер Мемлекеттік тудың оюларына ұқсас болмауы керек.

Байқау 2018 жылдың 2 мамыры мен 15 шілдесі аралығында екі кезең бойынша өткізіледі. Алғашқы кезең үстіміздегі жылдың 2 мамыры мен 28 маусымы аралығында өтеді. Осы аралықты жұмыстар қабылданады. Туындыларды ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің [email protected] электронды поштасына жіберуге болады.

Екінші кезеңде онлайн-дауыс беру өткізіледі. Сарапшылар комиссиясы іріктеп алған 5 жұмыс 2 шілде күні ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшасына жарияланады. Дауыс беру 13 шілдеге дейін жалғасады. Жеңімпаз онлайн-дауыс беру арқылы анықталады. Байқау қорытындысы 16 шілдеде жарияланады.

Байқаудың нәтижесінде жеңімпаз және екі жүлдегер анықталады. Бірінші орынға ие болған жұмыстың авторына ҚР ҰОК атынан Олимпиада чемпионы/жүлдегерінің қолтаңбасы бар естелік сыйлық және Олимпиадалық комитеттің серіктесі ұсынған сыйлық беріледі. Екінші және үшінші орын алған авторлар да естелік сыйлықтар алады.

 

Соңғы жаңалықтар