Қазақстанның олимпиада командасы Токиоға келіп жетті

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Олимпиада делегациясының алғашқы бөлігі Жапонияға келді. Нұр-Сұлтан мен Токио арасындағы ұшу ұзақтығы 7 сағат 15 минутты құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Талапқа сай делегацияның 128 мүшесі коронавирусты инфекцияға байланысты ПТР тест тапсырды. Қазақстандықтар тапсырған бүкіл тест теріс нәтиже көрсетті.

Команданың әуежайдағы барлық процедурасы 4 сағатқа жуық уақытқа созылды.

«Ұйымдастырушылардың талабы бойынша барлық регламентті сақтадық. Ереже бойынша соңғы төрт сағатта спортшылар коронавирусты инфекцияға қатысты бес тест тапсырды. Қазіргі таңда олар олимпиада ауылына жайғасып, тынығуда. Жақын уақытта кестеге сәйкес жаттығуды бастайды», - деп хабарлады Олимпиададағы Қазақстан Миссиясының басшысы Елсияр Қанағатов.

17 шілде күні Токиодағы күн райы ашық, ауа температурасы 32 градусқа дейін көтерілген.

Ылғалдылық 52 пайызды көрсетіп тұр. 18 шілдеден бастап спортшылар жаттығуға кірісіп, дәрігерлердің бақылауымен ыстық әрі ылғалды климатқа бейімделеді.

18 шілде күні олимпиада ауылына спорттық гимнастика мен академиялық есуден команда өкілдері жайғасады.

23 шілде күні Олимпиада ойындарында алғаш болып төрт қазақстандық спортшы бақ сынайды.

Садақ атудан іріктеу кезеңінде С анжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин, Денис Ганькин сынға түссе, академиялық есуден Владислав Яковлев жарысты бастайды.


Соңғы жаңалықтар