Қазақстанның Музыка қайраткерлері одағының жаңа төрайымы болып Айман Мұсақожаева сайланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өткен Қазақстанның музыка қайраткерлерінің одағының кезектен тыс съезі барысында Одақтың жаңа төрағасы сайланды. Ұйымды басқару тізгіні Айман Мұсақожаеваға табысталды.

«Осындай масштабтағы шаралар қазақ музыканттары мен орындаушыларын бір ортаға біріктіретін бірегей шара деп санаймын. Бұл ұйымды 25 жылдан астам уақыт қазақ классикасының корифейі Ермек Серкебаев басқарып келді. Сол уақыттан бері ұйым шығармашылық бағытты қолдауда, музыканттардың кәсіби тұрғыдан өсуіне ықпал етіп келеді. Ендігі басшылық та осы үрдістен таймайды деген ойдамын», - деді ҚР мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев.

«Елбасы айтқандай, мәдениетке мәдени саясат керек. Біз осы мәдени саясатты қалыптастыруымыз керек. Мен үшін әлемдік масштабтағы жұлдыз Ермек Серкебаевтың еңбегін лайықты жалғастыру - үлкен мәртебе», - деді Айман Мұсақожаева.

Айта кетейік, Қазақ КСР-нің музыкалық қоғамы 1987 жылы КСРО-ның Бүкілодақтық музыкалық қоғамының құрылымдық бөлімшесі ретінде ұйымдастырылды. Оның төрағасы КСРО-ның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Ленин және мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик Архипова Ирина болды.

1991 жылы бұл қоғам Қазақстан Республикасы Музыка қайраткерлерінің одағы деп қайтадан өзгертіліп, оның І съезі сайлауының қорытындысы бойынша басқарманың төрағасы ретінде КСРО-ның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мен Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор Серкебаев Ермек сайланды.

Одақ ұжымы кәсіби және өнерпаздық музыка өнерінің барлық бағыттарында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, соңғы бес жылда халықаралық опера және балет өнерінің фестивальдерін (Дж. Вердидің 200 жылдығына, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына, «Ермек Серкебаев шақырады»), Павлодар және Ақтөбе қалаларында республикалық хор фестивалін, Алматы қаласында республикалық камералық ансамбль мен оркестр фестивалдерін өткізді.

Соңғы жаңалықтар