Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары 3 жылда бір рет қана жөндеу жұмыстарына тоқтатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап мотор отындарының сапасы K-4 және К-5 экологиялық класстарына сәйкес келуі тиіс. Бұл туралы бүгін елордада халыққа есеп беру кездесуі барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы Шымкент зауытындағы жаңғырту жұмыстары аяқталады. 2018 жылы мұнай өңдеудің жалпы көлемі 1 млн тоннаға өсіп, 16 миллион тоннандан асып жығылады. Көлік жүргізушілері үшін мұнай өнімдерінің сапасы маңызды. Осы жылдың басынан бастап, Кеден одағының Техникалық регламенті күшіне енді. Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап мотор отындарының сапасы K-4 және К-5 экологиялық кластарына сәйкес келуі тиіс», - деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы үш мұнай өңдеу зауытына енгізілетін жөндеуді басқаруды автоматтандыру жүйесі мұнай өңдеу зауыттарын жөндеудің жылдық кезеңін 45-тен 20 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 45 күнге тоқтату жұмыстары үш жылда бір рет жүзеге асырылатын болады.

«Әр мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өңдеу көлемі осы қабылданған шаралардың арқасында орта есеппен жылына 300 мың тоннаға артады деп күтілуде. Осылайша, таяу аралықта біздің нарық отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, 5 айда нарықтың отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілуі бензин бойынша - 85, дизельдік отынмен - 95, әуе керосинмен шамамен 36 пайызға жетті», - деді ол.

Қанат Бозымбаевтың атап өтуінше, тапшылықты болдырмау мақсатында Энергетика министрлігімен тәулік бойы мұнай базаларындағы өнімдер көлемі және жанар-жағармай импорты бақылауда болады.

Соңғы жаңалықтар