Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бойында даулы учаскелер жоқ - Ерлан Алдажұманов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Ресеймен арадағы шекараны толық шегендеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта бізде мемлекеттік шекарасы бойында даулы учаскелер жоқ. Біз Қытаймен, Қырғызстанмен арадағы шекара мәселесін толығымен шештік. Бізде Түркіменстанмен арада тек ратификация мәселесі ғана қалды, яғни барлық іс-шаралар атқарылды десек болады. Ресейге қатысты тоқталсақ, Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралас таулы жерлерде тиісті жұмыстарды (шегендеу) жүргізу қиындау болып тұр. Аз уақытта бұл мәселені толықтай шешуге болады. Қазір жоспарға сәйкес жұмыстар жалғасып жатыр және оны уақытылы аяқтаймыз деген ойдамын. Бұл тұрғыда даулы мәселелер жоқ деп айтуға болады», - деді Е. Алдажұманов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7,5 мың шақырымнан астам екенін еске салды.

«Бұл ретте таулы аймақтағы аз ғана жер қалды. Шекара демаркациясы бойынша жұмыстың екі кезеңі қарастырылған. Бірінші кезеңі теориялық, яғни шекараның қағаз жүзіндегі сипаттамасы жасалады. Ал екінші кезеңде мемлекеттік шекараға барып, нақты нүктелер белгіленеді. Аталған учаскелердегі климат жағдайын ескере отырып, тиісті жұмыстар біртіндеп жалғасып келеді. Былтыр біраз жерді қамтыдық. Шамамен Ресемен арада 300 шақырым жерде тиісті белгілер қойып шығу керек», - деді Шекара қызметінің директоры.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр күзде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресеймен арадағы шекараны толық демаркациялауға 2-3 жыл уақыт керек екенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар