Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемдегі үздіктердің бірі саналады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік Банктің зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанның электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемдегі ең үздіктердің бірі болып саналады. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алудың барлық процесі автоматтандырылған. Дүниежүзілік Банктің зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанның электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемдегі ең үздіктердің бірі болып табылады. Мемлекеттік сатып алу деректерінің қолжетімдігі әлемдік рейтингіде Қазақстан 109 елдің ішінде 3-орынға ие болды», - деді Д. Кеңбейіл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам өнім беруші және 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 5,9 трлн астам теңгеге жеткен. Мемлекеттік сатып алулардағы шартты үнемдеу – 632 млрд теңгені құрады.

Өткен жылы «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді және «Мемлекеттік сатып алу туралы» қолданыстағы Заң жаңартылды.

«Осылайша бәсекелестікті дамытуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және сатып алу процестерін жеңілдетуге бағытталған бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды. 2022 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары және жобалау бойынша сатып алулар рейтингтік – балдық жүйені пайдалана отырып, жаңа әдіс-конкурсты қолдана отырып жүзеге асырылады. Бұл әдіс конкурстық комиссия мүшелерінің қатысуын болдырмайды және сатып алу жеңімпазын автоматты түрде анықтайды», - деді Д. Кеңбейіл.

Сонымен бірге, сатып алуды онлайн режимде жүргізуге мүмкіндік беретін электронды дүкен енгізілді. Рәсімдерді оңайлату мақсатында негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізілді. Бұл әдіс сатып алу процедураларын 2 айдан 30 күнге дейін қысқартқан.


Соңғы жаңалықтар